Павлодарда суретші Евгений Фридлиннің мерейтойлық көрмесі ашылды
Экспозицияда майлы бояумен салынған 100 көркем туынды ұсынылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті суретші Евгений Фридлиннің туғанына 50 жыл толуына орай Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Synopsis» атты дербес мерейтойлық көрмесінің ашылуы өтті.
Әйгілі суретші облыс орталығында 1974 жылы туған. 2000 жылы Павлодар көркемсурет колледжін тәмамдаған. Кескіндемеші. 2010 жылдан бастап Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі. Павлодарда тұрып, еңбек етеді.
– Ұсынылып отырған 100 көркем туынды әртүрлі жылдары, яғни 2000 жылдардың басы мен 2024 жылға дейінгі уақытта салынған, – Евгений Фридлин. – Осы кезеңдегі шығармашылығымның өзіндік қорытындысын мұражай кеңістігінде көргім келді. Әдетте, менің көрмелерім жылына бірнеше рет өтеді. Көбінесе Алматы қаласында болады. Коронавирусқа дейін Еуропада да жыл сайын ұйымдастырылатын.
Айта кетерлігі, атақты суретшінің жұмыстары Павлодар көркемсурет музейінде, Семейдің Невзоров атындағы бейнелеу өнері музейінде, ТМД елдерінде, АҚШ, Франция, Алмания, Ресейдің жеке жинақтарында орналасқан.
– Евгений өте талантты, өте көп еңбек ететін азамат, – дейді Павлодар облыстық суретшілер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өсербай Шоранов. – Көбінесе майлы бояумен жұмыс істейді. Табиғатты өте ерекше, жанындай түсінеді. Мысалы, қала көріністерін, өзіміздің Баянауылды өз таңбасымен, өз ерекшелігімен бейнелейді. Біз өңірімізде осындай талантты суретшінің барымен мақтанамыз. Осы қалпымен әрі қарай өз шығармашылығын жалғастыра берсін деп тілейміз.
Айта кетейік, көрме 2024 жылдың 5 сәуірі мен 5 мамыры аралығында жұмыс істейді.