Меккеге велосипедпен аттанған павлодарлық журналист виза мәселесіне тап болды

Меккеге велосипедпен аттанған павлодарлық журналист виза мәселесіне тап болды

Қазіргі таңда Қожакелді Алданов Астрахань қаласында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

28 мамыр күні таңғы сағат 9:00-де Екібастұз қаласынан жолға шыққан республикалық "Спорт жұлдыздары" журналының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Қожакелді Алданов қазір виза мәселесін шешуде.

- Астрахань қаласына кеше түнде жеттім. Бүгін визаға қатысты туындаған мәселені біржақты ету үстіндемін. Себебі Араб елшілігі елге жаяу кіруге мүлдем виза бермейді екен. Тіпті, ол заңда да жоқ. Тек ұшақ арқылы баратындарға ғана электронды виза беріледі. Қазір менде бір ғана нұсқа бар - ол барынша Араб еліне жақындап барып, елге ұшақпен кіру. Мұнда бізді жаяу кіргізетін Иордания, Египет, Дубай тәрізді елдерге жетіп, сол жақтан турфирмалар арқылы бару, - деді Қожакелді Алданов.

Қасиетті мекенді бетке алған жерлесіміз Ұмыраға баруды осыдан төрт жыл бұрын ойға алған. Айтуынша, алғашқы кезде арнайы турфирмалар арқылы, әуе көлігімен барамын деп ойлаған. Қожакелді Алданов аяқ асты ойын өзгертуге түрткі болған Түркияға жасаған сапары екенін айтты.

- Әрбір мұсылманның арманы Меккеге бару екені ақиқат. Бірақ бұл сапарға велосипедпен шығамын деп  мүлдем ойламаппын. Осы жылы көктемде Стамбул қаласында болдым. Сонда Түрікиядағы Осман империясының 24 сұлтаны мекен еткен Топкапы сарайына бардым. Онда өте көп музей бар. Ал біз барған музейдің кіреберісінде құранның үні шығып тұрады. Ол жерде тұрған адам қозғалмайды. Ерекше таң қалдым. Музейдің кіреберісінде қағбаның ең алғашқы есігі тұр. Одан кейін Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) су ішкен ыдысы, жанындағы сахабалары Әбу, Әбубәкір, Хамзалардың соғыста мұсылмандарды қорғаған қылыштары түгел тұр. Сол себепті  бұл музейге келген адамдар шыға алмайды екен. Осы кезде қағбаның есігіне қарап тұрып, Алла қаласа осы жылы барам дедім. Мысалы басқа елдерге де барып жүрміз ғой. Неге Меккеге бармасқа деген ой келді. Ал жаяу барам деген ой шамамен соңғы екі айда ғана пайда болды. Турфирмаларды қарастырып жүргенде де жүрегім осы жолды қалады. Осы ой менің санама толықтай орнығып алды, - дейді ол.

Журналист жолға дайындалуға небары бір ай ғана уақыт кеткенін тілге тиек етті. Онда бастысы велосипедті жөндеп, жолға қажетті киім-кешегін, өзгеде қажеттіліктерін жинаған. Бастысы Қожакелді Алданов жүру картасын сызып алған.

- "Меккеге барам" дегенді айтқан кезде түрлі пікірлер болды. Біреулері қолдаса, арасынан қарсы болғандары да табылды. Тіпті, бұл мүлдем қате дегендерде кездесті. Бірақ шешім өзімдікі болғандықтан қарсылықтар қабылданбады. Ең бастысы әкемнің ақ батасын алдым. Әкемнің жасы қазір 90-да. Ол кісінің бір ғана өтініші болды. Ол - әр күн сайын өзіне хабарымды беріп отыру, - дейді жерлесіміз.

Қожакелдінің сапардағы сенімді серігі астындағы велосипеді. Ал өзімен алып жүретін заттарының қатарында көлігіне қажетті қосалқы доңғалақ, консервілер мен 2 литр су, жаңбыр жауса киетін арнайы киімдер мен оттықтар бар. Ол діттеген жеріне Алла сәтін салса , шамамен 2 айда жетемін деп отыр.

- Мен 3000 шақырым жолды тек Қазақстан ішінде жүріп өтемін. Онда Екібастұздан Ақмола облысына, содан кейін Қостанай облысынан шығып Оралға сәл ғана жетпей Ақтөбеге түсем. Одан әрі Атырау-Ақтау деп ел ішіндегі межелі жол аяқталады. Осы жолды жоспар бойынша бір айда жүріп өтуім керек. Ақтаудан паром арқылы Бакуге жетемін. Әзербайжан елінен бәрі сәтті болса, бір аптада шығып кетемін деп ойлаймын. Одан Грузия-Түркия. Осы Түркиядан Иорданияға Қаратеңіздің үстімен ұшамын деген шешімге келдім. Өйткені басқа құрғақ жол жоқ. Ал Иорданиядан Сауд Арабиясына кіру басты мақсатым. Қазір сол виза мәселесі шешілуде, - деді ол.

Ұзақ сапарды бетке алған Қожакелді Алдановты виза мәселесі де алаңдатпайды. Себебі, ол оң шешімін табатынына сенімді.

Ал біз жерлесіміздің сапарын тұрақты түрде  оқырманға жеткізуге тырысамыз.

Фотолар Қожакелді Алдановтың Instagram парақшасынан алынды.