Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына орай үш тілде конференция өтті
Жиынға 40-қа жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұса Шорман ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінде Баянауыл топырағында дүниеге келген қазақ халқының тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай 9-11-сынып оқушылары арасында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде аудандық ғылыми-практикалық конференция өтті.
– Қаныш Сәтбаев сан қырлы талантын, ақыл-ой парасатын туған халқының мерейін үстем етуге жұмсады. Оның өнегелі өмір жолы баршамызға үлгі, – дейді Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің маманы Махаббат Сәдуақасова. – Бұл ретте, оқушылар бес тақырыптық секцияда өз жобаларын қорғады. Секция аясында қатысушылар тақырыпты өздігінен таңдады.
«Шапық Шөкиннің дара жолы» деп аталатын бірінші секцияда энергетика және су шаруашылығының болашақ дамуы мен отындық энергетиканың мәселелері көтерілді. Әбікен Бектұровқа арналған екінші секцияда минералдық тыңайтқыштар өндіру мен минерал тұздарды өңдеудің химиясы және технологиясы талқыланды. Ал, үшінші секцияда Қаныш Сәтбаевтың өміріндегі елеулі кезеңдері мен деректері айтылды. Төртінші секция ұлт күрескері, қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермековке арналды. Онда математикалық және техникалық ғылымдар – мәселелері мен болашағы көтерілді. Өмір сүру сапасын жақсарту үшін жаратылыстану мен қолданбалы биотехнологияның болашағы атты бесінші секция биология ғылымның докторы, зоология, паразитология, экология бойынша 140-тан астам ғылыми еңбектің авторы Қайырбай Базарбековке арналды.
Конференцияның нәтижесі бойынша бірінші секцияда бас жүлдені Е. Бекмаханов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 10-сынып оқушысы Әділет Кенжетай, екінші секцияда З. Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Гүлназ Дәнібай, үшінші секцияда Ш.Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Нұргүл Жұмат, төртінші секцияда З. Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 10 сынып оқушысы Дамир Тәуекел, ал бесінші сецияда Е.Бекмаханов атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Жаннұр Бекбатырова ие болды.
Жиынның алтыншы кезеңінде түрлі платформаларды пайдалана отырып, Қ. Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолын дәріптейтін шеберлік сабағы өтті.