«Мектепке жол»: Павлодар облысында мыңнан астам бала көмек алды
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарына балаларды мектепке дайындауда көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» республикалық акциясы өткізіледі.
- Жоба аясында жұртшылықты, кәсіпорындарды, шағын және орта бизнес өкілдерін осы акцияға тарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Білім бөлімі акцияны өткізу бойынша іс-шаралар жоспарын жасап, әкімдік, «Аманат» партиясы, қалалық және облыстық мәслихат бөлімдеріне, қала кәсіпорындарына өтініш-хаттар жолдады, - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда көмекке мұқтаж балалардың деректер банкін құру бойынша жұмыстар әлі жалғасуда. Әрбір орта білім беру ұйымында тізімдер қалыптастырылды. Бүгінгі таңда 1-11 сыныптар арасынан көмекке мұқтаж 3045 оқушысының тізімі жасалды.
Білім бөлімінде балаларды мектепке дайындау мәселелері бойынша ата-аналар хабарласа алатын «Жедел желі» телефондары (тел.30-14-97, 30-14-91) қызмет етуде.
- Жалпыға бірдей білім беру қорынан осы санаттағы балаларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға 140 млн.теңгеден астам қаражат бөлінді. Бір білім алушыға 47 296 теңгеге тиесілі, олар балалардың заңды өкілдерінің жеке шоттарына аударылады. Бүгінде мемлекеттен 49 973,0 мың теңге сомаға 1057 бала қаржылай көмек алды, - деп толықтырды басқарма.
Айта кетелік, білім бөлімі қаланың кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп ағымдағы жылдың 19 тамызында мектеп жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр. Онда қала кәсіпкерлері төмендетілген бағамен тауарлар (мектеп формасы, кеңсе тауарлары) ұсынатын болады.
Қазір «Мектепке жол» акциясы барысында 594 000 теңге сомасына 54 оқушыға киім және кеңсе тауарлары түрінде демеушілік көмек көрсетілді. Демеушілер «Каспий банкі», «Сыздықов» ЖК, «Арчаков» ЖК, сондай-ақ ата-аналар мен мұғалімдер.
Атап өтерлігі, «Бірінші рет – бірінші сыныпқа» акциясы аясында «Халық банкі» АҚ 50 болашақ бірінші сынып оқушыларына кеңсе тауарлары бар мектеп рюкзактарын табыстауды жоспарлап отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда.