Мектептен отбасыға дейін: Екібастұзда қауіпсіз ортаның жаңа моделі қалыптасуда

Мектептен отбасыға дейін: Екібастұзда қауіпсіз ортаның жаңа моделі қалыптасуда
Фото: облыстық білім басқармасынан

Екібастұзда балалар мен ересектердің қауіпсіздігі мәселелерін мектептер, құқық қорғау органдары, прокуратура, атқарушы билік және отбасы бірлесіп шешетін профилактикалық жұмыс жүйесі құрылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Кеншілер шаһарында қала мектептері мен ауылдық аймақтарда өтетін ауқымды профилактикалық іс-шаралар қолға алынуда. Осындай алаңдардың бірі №12 орта мектеп базасында ұйымдастырылып, мектеп оқушыларын, ата-аналарды, педагогтарды, прокуратура өкілдері мен мектеп мамандарын біріктірді.

Жұмыс «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы, «Айқын нәтиже» республикалық жобасы және «Қауіпсіз шағын аудан» қалалық бастамасы аясында жүргізілуде. Жүйелі профилактика құқықтық ағарту, отбасының қатысуы, тәуекелдерді ерте анықтау және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылуда.

Іс-шараның негізгі алаңдарының бірі «Тәртіпті отбасы» атты ата-аналар қауымдастығымен кездесу болды. Онда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесінде отбасы, мектеп және мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылы талқыланды. Қатысушылар алдында Екібастұз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Елнұр Нұрмаханұлы және мектеп психологтары сөз сөйледі.

— Бала үшін қауіпсіз орта тек отбасы, мектеп және мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істегенде ғана қалыптасады. Мәселе туындағанын күтпей, алдын алу жұмыстарын ертерек бастау маңызды. Ол үшін ашық диалог, балаларға көңіл бөлу және ересектердің ортақ жауапкершілігі қажет, — деп атап өтті Елнұр Нұрмаханұлы.

Ата-аналар алаңынан бөлек, мектепте сегіз тақырыптық локация жұмыс істеді: дебаттар, «Ашық сот» рөлдік ойыны, плакаттар байқауы, бастауыш сынып оқушыларына арналған квест, отбасылық спорттық эстафета, футбол жарыстары және басқа да интерактивті форматтар. Жалпы шараға 1000-нан астам оқушы қатысты.

Іс-шара жобаның эмблемасын — құқықтық тәртіптің, жауапкершілік пен профилактикалық жұмыстың сабақтастығының белгісіне айналған қалқанды салтанатты түрде табыстаумен аяқталды. Эстафетаны келесі мектеп қабылдап алып, онда жақын арада профилактикалық іс-шара өтеді.