Павлодарда Қалижан Бекхожиннің мерейтойына орай әдеби-сазды кеш өтеді
Кеште драматургтың қолжазбалары мен құнды жәдігерлерін көруге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ақын, драматург, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің 110 жылдығына арналған «Ертістің қайратты қаламгері» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылады.
Қалижан Бекхожин 1913 жылы 15 желтоқсан күні Павлодарда дүниеге келген. 1938 жылы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Одан кейін Ұлы Отан соғысына аттанған. 1938 жылдан соғысқа барғаннан кейін Қазақстан комсомолы ОК-нің баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында, Тіл және әдебиет институтында жұмыс істеді. Алғашқы лирикалық туындыларында замандастарының қиындыққа толы күрделі өмірін жырлады.
Шараға зиялы қауым өкілдері, студенттер, жас ақындар қатысады. Олар ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында сөз қозғап, өлеңдерін оқиды. Сондай-ақ, кеште Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайы Қалижан Бекхожиннің қолжазбалары мен құнды жәдігерлерінен тұратын көрме қояды.
Әдеби-сазды кеш 8 желтоқсан күні сағат 11:00-де басталады.