Кедергісіз мейірім: павлодарлық педагогтер ерекше балаларға тосынсый жасады

Облыс орталығындағы бөбекжай мамандары аутизм спектрі бұзылған балаларды қуантты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыстық оңалту орталығының тәрбиеленушілері арнайы құттықтаулар алды. Осы жолы білім беру және әлеуметтік бағыттағы екі мамандандырылған ұйым бірігіп, болашақта серіктес болуға ниетте.
Орталық директорының орынбасары Ернұр Кәленовтің айтуынша, бұл бастама болашақ ынтымақтастықтың алғашқы қадамы.
– Олар – әріптес болумен қатар, қайырымдылықпен айналысатын жомарт жандар. Болашақта балаларды тәрбиелеу мәселесінде ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастырамыз. Біздің басты мақсатымыздың бірі – аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды әлеуметтендіру, қоршаған ортаға бейімдеу. Балабақша мамандары өз әдістемелерімен бөліседі, ал біз менталды ерекшеліктері бар жеткіншектермен жұмыс жасау тәжірибемізбен бөлісеміз. Қазіргі уақытта орталықта 120 ерекше бала тәрбиеленуде, олардың 40 пайызы – мектеп жасына дейінгі ұл–қыздар, – дейді Ернұр Каленов.
Павлодар қаласындағы №31 бөбекжайдың әдіскері Гүлмира Қожанова балалар үшін ойын-сауық бағдарламасын педагогтардың өздері дайындағанын атап өтті.
– Біздің ұжымда білікті мамандар болумен қатар, шығармашылықпен айналысатын жандар жетерлік. Мереке қарсаңында олар танымал мультфильм кейіпкерлеріне айналып, аниматор ретінде балалардың көңілін көтерді. Бағдарлама аясында ойындар мен би шаралары да болды. Бұл кездесуді «Біртұтас тәрбие» жобасы аясында ұйымдастырдық, – дейді Гүлмира Қожанова.
Дене шынықтыру нұсқаушысы Александра Мелантьева жеті жылдан бері мекеменің қайырымдылық жобаларына белсенді қатысып келеді. Бұл жолы ол «Маска киген батырлар» мультфильміндегі Алетт бейнесінде өнер көрсетті.
– Балалар – ерекше аудитория. Біз олардың қызығушылықтарын ескеріп, өздері жайлы сезінетін орта құруға тырысамыз. Бірақ, ең бастысы – шынайылық пен жан жылуы. Сонда ғана олар ерексектердің қамқорлығын сезінеді. Мерекелік шара қорытындысы бойынша балалардың қызығушылықтарына қатысты талдау жасап, бұны болашақта мерекелік бағдарлама әзірлеуде ескереміз. Балалар мен олардың ата-аналарының алдында өнер көрсету – біз үшін жаңа тәжірибе, – дейді Александра Мелантьева.
Балаларды қорғау күніне арналған шаралар «Қазақстан балалары» бірыңғай қағида аясында ұйымдастырды. Соңғы кезең – «Бұл әлемді біз балаларға арнаймыз» атты кең ауқымды мерекелік бағдарлама.
Ернұр Кәленов бөбекжай мамандарымен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
– Біз оңалту жұмыстарын жүргізетін әлеуметтік, ал балабақша – білім беру саласына жатады. Бір-бірімізден үйренеріміз көп: оқу әдістерінен бастап қарым-қатынас ерекшеліктеріне дейін. Ал біз өз кезегімізде педагогтарға аутизмі бар балалардың даму ерекшеліктерін тереңірек түсінуге көмектесе аламыз, – деп түсіндірді Ернұр Кәленов.
Облыстық оңалту орталығына 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар келеді. Қазіргі таңда 117 бала ұзақ мерзімді оңалту курсынан өтуде. Сабақтар екі ауысымда ұйымдастырылады: таңертең және түстен кейін, әр ауысым төрт сағатқа созылады. Орталықта әлеуметтік қызметтердің жеті түрі көрсетіледі: тұрмыстық, педагогикалық, медициналық, психологиялық, құқықтық, экономикалық және мәдени-әлеуметтік.
Орталықта психологтар, логопедтер, еңбек терапиясы нұсқаушылары, тәрбиешілер, музыка жетекшілері, әдіскерлер жұмыс істейді. Мамандар ABA-терапия, сенсорлық интеграция, сенсорлық және проекциялық бөлмелер бағыттары бойынша қызмет атқарады.