Металдағы естелік: павлодарлық тұрғын монеталар арқылы сезім мен естелікті сақтап жүр

Металдағы естелік: павлодарлық тұрғын монеталар арқылы сезім мен естелікті сақтап жүр
Фото: Константин Шелков

Павлодарда әр монетаны өз алдына бір тарих деп қабылдайтын жан тұрады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Коллекционер әрі журналист Константин Шелков кездейсоқ қолына түскен монетаның хоббиіне айналғанын, ал бұл әуес оның өміріне жылдар бойы шабыт сыйлап, айналасындағы адамдарды біріктіріп келе жатқанын әңгімелеп берді.

Константиннің монетаға қызығушылығы мүлдем күтпеген жерден басталған. Бірде оған дүкенде қайтарымға түрік лирасы беріліпті. Ол мән бермей кері қайтарып жіберген. Қазір ол күліп:

– Бәлкім, дәл сол кезде хобби алғаш рет өз-өзін байқатқан шығар, – дейді.

Біраз уақыт өткен соң оған болгар арыстаны түседі. Түсі ерекше, көзге бірден түсетін монета. Дәл осы күтпеген олжа коллекцияның алғашқы бөлшегіне айналған.

– Ол монета үйде біраз жатты. Бір күні қарап отырып, монета жинағым келетінін түсіндім, – дейді ол.

Алғашқы жылдары Константин Шелков тек биметалл монеталарды жинаған – бұл екі металдан жасалған әдемі монеталар. Қай елден екені маңызды болмаған, бастысы – әсемдік.

Кейін оның назары ғарыш тақырыбындағы ақ түсті монеталарға ауған: спутниктер, луноходтар, Гагарин бейнелері.

– Осы серия, яғни ғарыш тақырыбы менің ең жақсы көретін бағытыма айналды – дейді ол. – Қазір коллекциямда Қазақстан, Ресей және АҚШ монеталары бар. Кейбірін табу үшін жылдар бойы іздедім. Мысалы, луноход бейнеленген монета өте сирек, бағасы үш-бес мың теңге тұрады. Бірақ маған оны әпкем сыйлады, сол себепті тіпті қымбат.

Дегенмен оның ең жанына жақын монетасы – Шоқан Уәлиханов бейнеленген, «Қазақстанның ұлы тұлғалары» сериясынан шыққан коллекциялық монета.

– Шоқанды ерекше жақсы көремін. Сондықтан аталмыш коллекциядан осы монетаның біреуі-ақ  болғаны да жеткілікті. Маған оның өзі – үлкен құндылық, – дейді Константин Шелков.

Ол коллекциясын әдейі есептемейді.

– Ақша санды жақсы көреді дейді ғой, бірақ коллекция – басқа дүние. Мұнда ақша емес, тарих, сезім, естелік жатыр, – дейді ол.

Бүгінде оның альбомында Италия, Мысыр, Түркия, Кения, Аргентина, Мексика, Франция, Қытай, Корея монеталары бар. Географиясы жақындары мен әріптестерінің сапарлардан әкелген сыйлықтары арқылы кеңейіп келеді.

Константин әрдайым өзімен бірге үш символикалық монета алып жүреді. Үшеуі де сыйлық: бірі – махаббатқа, бірі – сәттілікке, бірі – жолы болуға арналған.

Ол сондай-ақ 80 жылдық Жеңіс күніне арналған монетаны ерекше еске алады.

– Коллекционерлер бұл монета кемі 3000 теңгеден басталады дейді. Ал мен бір күні оны жай ғана… дүкеннен қайтарымға алдым. Шын мәнінде тосын сый болды, – деп күледі ол.

Сонымен қатар оның қолында 28 панфиловшылар ескерткіші бейнеленген мерекелік мың теңгелік купюра да бар.

Константин Шелков қазақстандық монеталарды ерекше бағалайды.

– Дизайны өте сапалы. Портреттері керемет салынған. Абай, Шоқан – бәрі мінсіз, – дейді ол. – Тіпті кейде әдемі көрінген 200 теңгелік қарапайым монеталардың өзін сақтап қоямын.

Коллекцияны сату жоспары бар ма деген сұраққа ол нақты «жоқ» деп жауап береді.

– Жақын адам сыйлаған затты сату – дұрыс емес. Мұндай дүниені тек сыйлауға болады, – дейді Константин.

Болашақта ол коллекцияны музейге немесе немерелеріне тапсыруды ойлауы мүмкін.

– Бірақ өзімді бала кезімде елестетсем, мұндай коллекцияны немерелеріме сеніп тапсырмас едім, – деп әзілдейді.

Константин Шелковтың коллекциясы – сирек монеталарды жинау жарысы емес. Бұл – сапарлар, адамдар, сезімдер мен есте қалған сәттер жайлы әңгіме. Павлодар талай тарихты сақтайды, ал солардың бірі коллекционердің алақанында сыңғырлап тұр.