«Мейірімді қолдар»: Аққулыда оқушыларға мектепке дайындықта қолдау көрсетілді

«Мейірімді қолдар»: Аққулыда оқушыларға мектепке дайындықта қолдау көрсетілді
Фото: ұйымдастырушылардан

Балаларға қажетті киім мен оқу құралдары табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Аққулы ауданында әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Биыл «Мейірімді қолдар» қайырымдылық акциясы аясында 286 баланы қамту жоспарланған. 

Бүгінде демеушілер тарапынан 118 оқушыға жалпы сомасы 1 миллион 185 мың теңгенің көмегі көрсетілді. Балаларға мектеп формасы, спорттық киім, аяқ киім, портфель, оқу құралдары мен кеңсе тауарлары табысталды.

Әр мектептен әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың тізімін жинадық. Қазір 118 оқушы қамтылды. Жоспар бойынша биыл 286 баланы қамту көзделіп отыр, – деді Аққулы ауданы білім беру бөлімінің әдіскері Әсем Оспанова.

Акция жыл сайын ұйымдастырылады және биыл 31 тамызға дейін жалғасады. Көмекке аудан мектептерінің педагогтерімен қатар демеушілер, ата-аналар мен ауыл тұрғындары да атсалысуда. Кей азаматтар қаржылай қолдау көрсетсе, енді бірі киім, аяқ киім және кеңсе тауарларын білім бөліміне тапсыруда.

Аққулы ауданындағы 22 мектепте шамамен 500 педагог еңбек етеді. Сонымен қатар 70-ке жуық ата-аналар клубы жұмыс істейді. Клуб төрағалары мектептердегі көмекке мұқтаж балаларды анықтап, тізім жасауға белсенді қатысады.

Көмек тек мектеп формасы мен кеңсе тауарларымен шектелмейді. Балалардың күзгі, қысқы, көктемгі сырт киімі мен аяқ киімін де бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда алып береміз, – деді Әсем Оспанова.

Айта кетейік, акцияның мақсаты – әлеуметтік жағдайына қарамастан әр баланың жаңа оқу жылына қажетті заттармен қамтамасыз етілуіне жағдай жасау.