Министр: Биылдан бастап мұғалімдер әуреге түсіп портфолио жинамайды
Мұғалімдерді аттестаттау, портфолио жинау мәселесі қайта қаралады. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Талдықорғанда ағарту саласының мамандарымен өткен жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұдан былай мұғалімдерді тестілеу, аттестаттау, әуреге салып портфолио жинату мәселесі қайта қарастырылады. Биылдан бастап мұғалімдер бірінші кезекте өзінің санатын дәлелдеу үшін ешқандай портфолио жинаумен айналыспайтын болады. Өйткені бұл да - жемқорлыққа итермелейтін дүниелер. Ананың туыстары барып жалған сертификат алып алады екен, мынаның туыстары барып орден, медаль барып алады екен. Сөйтіп, ақша төлеп оларды жинайды. Ал ол ешкімге керек емес. Негізі аттестация - мұғалімнің жетістігі емес, мұғалімнің табысы оқушының жетістігі арқылы бағалануы керек. Екіншіден, мұғалім қалай серитификат аламын демей, оқушының білімімен айналысуы керек. Ал министрлік оқушысы жетістікке жеткен мұғалімдерді сырттай бақылау арқылы автоматты түрде оның категориясын өзіміз әкеп беруіміз керек», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Бұған дейін министр мұғалімдерді заңбұзушылықпен қабылдау фактілері ең көп тіркелген аймақтарды атаған болатынбыз.
Мұндай жағдай бойынша Алматы облысының Қарасай ауданы көш бастап тұр.
Сондай-ақ Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Алтын белгі» алу үшін ата-аналар түрлі қулық-сұмдыққа баратынын сөз еткен болатын.
Министр оқушылар арасындағы төбелеске пікір білдіріп, бірінші кезекте ата-ана баласының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы керектігін қадап айтты.