Мыңдаған павлодарлықтар туған әскерге деген мақтаныш сезіміне бөленді

Қала тұрғындары мен қонақтары Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруді бірге тамашалауды жөн көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы тамаша мереке күні павлодарлықтар қаланың басты аренасы Ertis Promenade алаңын толтырды. Әскери парадтың көрсетілімі басталмас бұрын Иса Байзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының және павлодарлық басқа да шығармашылық ұжымдардың қатысуымен сахнада концерт өтті. Көрермендерге «Нұр» ансамблі, «Самиян» тобы және Жібек Айтбаева өнер көрсетті.
Облыстық ішкі істер департаменті арнайы жасақ қызметкерлерінің сахнадағы көрсетілімі жұртқа қатты ұнады.
- Маған бәрі қатты ұнады, - дейді тоғыз жасар Арслан Ғалымбек. – Менің арғы атам Ленинградты блокададан азат етті, мен арғы атамды мақтан етемін. Барлығына денсаулық, қуаныш тілеймін.
Қазақстандық Жеңіс лентасын таратуды Жастар бастамаларын дамыту орталығының белсенділері ұйымдастырды. 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтарына сарбаз ботқасынан дәм таттырды. Бұқтырылған ет қосылған қарақұмық павлодарлықтарға әбден жақты. 6679 әскери бөлімінің киім-кешек қызметінің бастығы, майор Жасұлан Нұралинов баршаны Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады.
Павлодарлықтар Елбасының құттықтауын зор ынтамен тыңдап, Қазақстан армиясы үшін мақтаныш сезіміне бөленді. Рейхстагқа Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов тіккен Жеңіс туының көшірмесі мен Қазақстан Республикасының Туы шеру алаңына шығарылғанда көптің көзіне жас келді.
Мереке аясында Павлодар облысында да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Павлодарда «Шаңырақ» орталығында «Қазыналы қарттарым» концерті, Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Бүгінгі ұландар – Ертеңгі ел қорғаушылар» концерттік бағдарламасы, Жаңаауылда «Жауынгерлік жүрегі» фильмінің көрсетілімі өтті.