Павлодар облысында мас күйінде қайық басқарғандарға жаза күшейді
Кешкі рейдтерде дрондар да қолданылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде шағын кемелерді пайдалану тәртібіне бақылау күшейтілді. Шілде айынан бастап бұл бағыттағы құзырет көлік министрлігінен төтенше жағдайлар министрлігіне берілді.
– Қазіргі таңда шағын кемені мас күйінде басқаруға қатысты бес қылмыстық іс тіркелді. Оның біреуі бойынша сот үкімі шықты. Бұл бағыттағы бақылау және алдын алу шаралары жалғасады, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Ғалямов.
Сонымен қатар, шағын кемелерді пайдалану ережесін бұзған 23 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында құтқару жилетін кимеген, қараңғы уақытта навигациялық жарықсыз жүрген және су көлігін басқаруға құқығы жоқ азаматтар бар.
Рейд барысында тағы бір тұрғын шағын кемені мас күйінде жүргізіп, ТЖД қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, оқиға орнынан жасырынған. Кейін оның жеке басы анықталып, іс мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды. Сот шешімімен азамат ӘҚБтК-нің 667-бабы бойынша 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Бақылау шаралары кезінде мамандар дрондарды да пайдаланады. Құрылғы онлайн бейнетүсірілім жасап, құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Әсіресе, кешкі және түнгі уақытта су айдындарындағы қозғалысқа назар аударылады.
Қазір өңірде су көлігін пайдаланушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.