Мәжіліс депутаттары Павлодар ауданындағы басты жобалардың жүзеге асуын тексерді

Мәжіліс депутаттары Павлодар ауданындағы басты жобалардың жүзеге асуын тексерді
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының ресми парақшасы

Ертіс тармағын тазарту, мектепті жөндеу және Мәдениет үйінің құрылысы жобалары назарға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантай жұмыс сапарымен Павлодар ауданына барып, Черноярка мен Мичурино ауылдарында іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалармен танысты.

Черноярка ауылында 2024-2028 жылдарға арналған ҚР су шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспары аясында маусым айынан бастап Ертіс өзенінің тармағын тазарту бойынша екі жылдық жоба басталды. Негізгі учаскенің ұзындығы – 6,8 шақырым, ал затон – 1,23 шақырым. Қазылып шығарылатын жалпы топырақ көлемі 331 мың шаршы метрден асады. Мердігерлердің айтуынша, алғашқы айда 11 800 шаршы метр жұмыс орындалып, 252 метр тармақ тазартылды.

– Суармалы егіншілік кеңінен дамыған ауылдар үшін Ертісті тазарту – бұл жай экология мәселесі емес, азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселесі, – деді депутат Жарқынбек Амантай. – Мұндай жобалар сапалы әрі уақытында орындалуы тиіс.

Мичурин ауылындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны «Строитель» ЖШС 2025 жылғы 24 ақпанда жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асыруда. Құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама 2025 жылғы 22 сәуірде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауына тіркеліп, содан кейін мердігерлер жұмысқа кіріскен.

Жобаның іске асу мерзімі – 4 ай. Маман¬дардың айтуынша, жұмыс кестеге сай, техникалық талаптарды сақтай отырып жүргізілуде.

– Мектеп – бүкіл ауылдың тірегі. Мердігерлердің жұмысында іркіліс болмауы және стандарттардың сақталуы қуантады, – деді Вера Ким.

Сонымен қатар, Мичурино ауылында жаңа Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Жұмыстар 15 сәуірде басталып, 15 ай ішінде аяқталуы тиіс. Екі жылдық бұл жоба республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Қазіргі таңда электр бағаналары орнатылып, іргетас құю жұмыстары басталды. Алайда мердігердің айтуынша, қаржыландырудағы іркілістерге байланысты жобаның уақытша тоқтап қалу қаупі бар.

Депутаттар жобаның тоқтап қалуына жол бермеу қажеттігін атап өтіп, бұл мәселені жеке бақылауға алды.