Мичурин ауылында миллиард теңгеге Мәдениет үйі салынуда

Әзірлеушілерге басқа жобаны негізге алуға ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданына жұмыс сапары барысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Мичурин ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысының барысымен танысты. Жұмыс ағымдағы жылдың 14 сәуірінде басталып, 15 айдың ішінде аяқталады деп күтілуде.
Ауылдағы жаңа Мәдениет үйі 250 орынға есептеліп, 1,5 мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатыр. Жоба бойынша ғимарат бір қабатты болып, 1,305 гектар жерді алып жатыр.
Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 207 миллион теңге бөлінді, оның 336 миллионы мердігерлердің жұмысына жұмсалады.
– Мәдениет үйінде бәрі болады: хореографиялық залдар, балалар мен ересектерге арналған ойын мен спорт алаңдары және жасыл желектер. Ғимарат орталық жолдың қасында орналасатын болады, – деп атап өтті «Жәрдем» ЖШС директоры Серік Ахметов.
Құрылыс барысымен танысқан аймақ басшысы мердігерлерге Баянауылдағы балабақшаны жобаға негізге алуды ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін Асайын Байханов тұрғындар үшін үлкен футбол алаңы бар спорт кешені салынып жатқан Песчаное ауылында болған.