«Нұрлы жол – Семей» бағытына жаңа вагондар қосылады
Жаңартылған құрам жолаушыларға жайлы әрі қауіпсіз сапар жасауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚТЖ» ұлттық компаниясы №353/354 «Нұрлы жол – Семей» бағытындағы пойыз құрамын жаңа буындағы вагондармен жаңартты. 17 наурыздан бастап аталған бағытта «RWS Wagon» компаниясы шығарған заманауи вагондар қатынайды.
Жаңартылған пойыз тоғыз вагоннан тұрады: үш купелі, бес плацкарт және бір штабтық вагон. Бір бағытта пойыз 350-ден астам жолаушыны тасымалдауға қауқарлы.
Пойыз күнара қатынайды. Ол «Нұрлы жол» станциясынан сағат 17:55-те, ал Семей станциясынан 16:45-те жолға шығады.

Бұған дейін бұл бағытта 1993 жылы шығарылған вагондар пайдаланылған. Қазіргі уақытта олар жаңа буындағы заманауи вагондармен ауыстырылды.
– Жаңа вагондар халықаралық стандарттарға сай жасалған. Купелерде эргономикалық ұйықтайтын орындар, жеке жарықдиодты шамдар, USB-порттар мен электр розеткалары орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы купелер, арбаларға арналған орындар және жолсерікті шақыру батырмасы қарастырылған, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.

Соңғы екі жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ «RWS Wagon» (ЗИКСТО) өндірісінің 219 вагонын сатып алды. Жаңа вагондар «Ақтөбе – Атырау», «Павлодар – Түркістан», «Павлодар – Алматы», «Қызылорда – Семей», «Алматы – Саратов», «Алматы – Өскемен», «Астана – Көкшетау», «Астана – Бурабай курорты» және «Қарағанды – Астана» бағыттарында қатынауда.
– Вагон паркін жаңарту – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы ұлттық тасымалдаушының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. 2030 жылға дейінгі жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жолаушылар вагондары толық жаңартылмақ, – делінген хабарламада.
Ұлттық компанияда атап өткендей, жаңа вагондар 45-серияға жатады және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Вагондарда Wi-Fi желісі, USB-розеткалар, вакуумды әжетханалар, жеке сейфтер, сондай-ақ купелерде температураны жеке реттеу жүйесі бар.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз кіруіне арналған жүйелер, балалы отбасылар үшін жөргек ауыстыру үстелдері және үш тілде жұмыс істейтін ақпараттық таблолар орнатылған.
Вагондардың ішкі әрлеуі экологиялық таза, гипоаллергенді материалдардан жасалған, ал ауаны залалсыздандыру жүйесі инфекциялардың таралу қаупін азайтады.