Павлодарда Ертіс жағалауын қоқыстан тазартты

Павлодарда Ертіс жағалауын қоқыстан тазартты
Фото: ұйымдастырушылар

Экологиялық сенбілік кезінде төрт тоннадан астам қоқыс жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы республикалық «Таза жағалау» бастамасы қолдау тапты. Сенбілікке қатысушылар Усолка көпіріне іргелес аумақты тұрмыстық және табиғи қоқыстан тазартты.

Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Сенбілік қорытындысы бойынша төрт тоннадан астам қоқыс жиналды. Акцияның мақсаты – қоғамдық аумақтардың тазалығын сақтау, қаланы абаттандыру және тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.

– Мұндай экологиялық акциялар адамдарды ортақ мақсатқа – қаланы таза етуге жұмылдырады. Қоршаған ортаға қамқорлық әр адамның күнделікті әдетіне айналғаны маңызды, – дейді қатысушылар.

Сенбілікті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен Павлодар облысы бойынша экология департаменті ұйымдастырды.

«Таза Қазақстан» акциясы тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, табиғатты қорғау шараларына жұртшылықты тартуға бағытталған. Мұндай бастамаларға тұрғындар жеке, отбасымен немесе достарымен бірге қатыса алады.