Павлодарда жоғалған жеті жасар бала көліктен табылды

Павлодарда жоғалған жеті жасар бала көліктен табылды
ЖИ иллюстрациясы

Баланы іздеуге полиция қызметкерлері жұмылдырылып, үш сағаттан кейін аман-есен тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жеті жасар бала аулаға ойнауға шығып, үйіне қайтып оралмаған. Анасы полицияға хабарласқаннан кейін іздеу жұмыстары басталды.

Іздестіруге кезекші және жедел-тергеу топтары жұмылдырылды. Олардың қатарында Солтүстік полиция бөлімінің жедел уәкілі Рустам Сатвалдин мен кезекші көмекшісі Айдар Ержанов болды.

Үш сағаттан кейін бала аман-есен табылды. Белгілі болғандай, ойын кезінде ол аулада тұрған ашық көлікке кіріп, шаршағаннан ұйықтап қалған.

– Сіздердің жедел жұмыстарыңыздың арқасында балам қысқа мерзімде табылды. Солтүстік полиция бөлімінің басшылығы мен барлық жеке құрамына ұлымды табуға көмектескендері үшін алғыс айтамын, – деді баланың анасы.

Полиция ата-аналарды балалардың қайда жүргенін бақылауға және оларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіруге шақырды. Тәртіп сақшылары балаларды қараусыз қалдырмау маңызды екенін еске салды.