Павлодарлық тәртіп сақшылары татамиде бақ сынады
Спорттық додаға өңірдің 70 полицейі қатысып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарыстың ашылу салтанатында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орымбаев мұндай жарыстардың қызметкерлердің спорттық шеберлігін шыңдап, кәсіби дағдыларын жетілдірудегі маңызын атап өтті. Ол спортшыларға сәттілік тілеп, бәсекеде жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді.
Самбо – ұлттық күрес түрлерін және жауынгерлік өнердің әлемдік тәжірибесін тоғыстырған спорт түрі. Ол әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлаудың тиімді бағыттарының бірі саналады.
Жарыс барысында спортшылар әр салмақ дәрежесінде тартысты белдесулер өткізіп, жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Жанкүйерлер де қатысушыларға белсенді қолдау білдірді.
Жекелей есепте 98 келіге дейінгі салмақта Асығат Нұрмағамбет үздік атанды. 88 келіге дейінгі салмақта Абулуаһит Пшембаев, 79 келіге дейінгі салмақта Ринат Махмутов жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал 71 келіге дейінгі салмақта Қанағат Ыдырышев, 64 келіге дейінгі салмақта Ерназ Смағұлов чемпион атанды.
Командалық есепте бірінші орынды Павлодар қаласы полиция басқармасының командасы иеленді. Екінші орын Екібастұз қаласы полиция басқармасының командасына, үшінші орын ІІМ Оқу орталығының командасына бұйырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар қараша айында Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің чемпионатында Павлодар облысы полиция департаментінің намысын қорғайды.
Дода соңында үздік спортшыларға естелік сыйлықтар, грамоталар, медальдар мен кубоктар табысталды.