Павлодар бағытындағы үш ақылы жолмен 1,5 миллионнан астам көлік жүрді
Оның басым бөлігі Астана – Павлодар бағытында қатынаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың 1 маусым мен 31 тамыз аралығында Павлодар облысына қатысты ақылы автожол учаскелерінде көлік қозғалысының жоғары көрсеткіші тіркелді. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жаздың үш айында Астана – Павлодар бағыты бойынша 837 185, ал Павлодар – Семей – Қалбатау учаскесінде 461 152 көлік жүріп өткен.
Сонымен қатар, Павлодар – Ресей шекарасы (Омбыға) бағытында 262 766 көлік жүріп өту дерегі тіркелген. Осылайша, аталған үш бағыттағы жалпы көрсеткіш 1,56 миллионнан астам көлік қозғалысын құрады.
Жаз мезгіліндегі көлік қозғалысының жоғары болуы Павлодар облысын елдің басқа өңірлерімен байланыстыратын негізгі автомобиль бағыттарына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Әсіресе, Астана, Семей және Ресеймен шекаралас бағыттардағы жолдарда қозғалыс қарқынды болған.
— Сапалы жол инфрақұрылымын дамыту автотуризмнің өсуіне және өңірлердің көліктік қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Республикалық маңызы бар жолдарды салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары осы бағытта жалғасып келеді, - делінген хабарламада.
Жол бойындағы сервисті дамытуға да басымдық берілуде. Қазір республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жанармай құю станциялары, тамақтану орындары, қонақүйлер, демалыс орындары мен санитарлық нысандарды қоса алғанда, 1 500-ге жуық жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істейді.
Сонымен бірге, автожол инфрақұрылымы электр көліктерінің дамуына қарай бейімделіп келеді. Республикалық жолдардың бойында бүгінде 60-тан астам электр қуаттау станциясы жұмыс істейді.
Айта кетейік, 2026 жылғы жазғы маусымда Қазақстанның республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 28 ақылы учаскесінде барлығы 25,8 миллионнан астам көлік жүріп өткен.