Павлодарда кадрлық тапшылықты шешудің төте жолы көрсетілді
Павлодарда жұмыс берушілерге жастар практикасының тиімділігі түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар практикасы жұмыс берушілер үшін уақытша жұмыс күшін тартудың ғана емес, болашақта білікті маманды өз кәсіпорнына бейімдеп, өсірудің тиімді құралы бола алады. Бұл туралы Павлодар қаласы Мансап орталығы филиалының директоры Қарлығаш Асайымова жұмыс берушілермен кездесуде айтты.
Оның айтуынша, колледждер мен жоғары оқу орындарын жаңа бітірген жастардың теориялық білімі болғанымен, кәсіби тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан жастар практикасы жас маманға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, ал жұмыс берушіге оның қабілетін іс жүзінде бағалауға мүмкіндік береді.
— Жастар практикасы арқылы жұмыс беруші жас маманды бірден үлкен жалақыға қабылдамай-ақ, оның жұмысын көріп, қабілетін бағалай алады. Бір жыл ішінде жақсы маманды өзіңізге бейімдеп, өсіруге мүмкіндік бар. Неге ол кейін сізде тұрақтап қалмасқа? — деді Қарлығаш Асайымова.
Мансап орталығының басшысы бұл тәсілдің әсіресе дайын маманды табу қиын салалар үшін маңызды екенін атап өтті. Жас қызметкерді нақты кәсіпорынның талаптарына сәйкес оқытып, қажетті дағдыларды біртіндеп қалыптастыруға болады.
Сонымен қатар мұндай жұмысты студент кезінен бастауға мүмкіндік бар. Колледждер мен жоғары оқу орындары кәсіпорындармен дуальды оқыту форматында ынтымақтастық орнатуға дайын. Бұл жағдайда студент оқу кезінде-ақ кәсіпорында тәжірибеден өтіп, еңбек ұжымымен және жұмыс үдерісімен танысады. Ал жұмыс беруші болашақ қызметкерді алдын ала дайындап, өзіне қажетті маманды қалыптастыра алады.
— Бүгінде кәсіпорында кадр көп сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бірнеше жылдан кейін бос орын пайда болған кезде дайын маман табылмай қалуы ықтимал. Сондықтан кадрды алдын ала өсіру керек, — деді Қарлығаш Асайымова.
Кездесуде мектепке дейінгі ұйымдардағы кадр мәселесі де сөз болды. Балабақшаларда тәрбиешінің көмекшісі, аспаз, медицина қызметкері және педагогтерге сұраныс бар. Жұмыс берушілердің пікірінше, жастар практикасы осындай мамандарды ертерек анықтап, оларды өз ұйымында қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мансап орталығы жұмыс берушілерді жастар практикасын белсенді пайдалануға және колледждер мен жоғары оқу орындарымен тікелей байланыс орнатуға шақырады. Мұндай ынтымақтастық жас маманға алғашқы жұмыс тәжірибесін беріп қана қоймай, кәсіпорынның болашақ кадрлық қажеттілігін алдын ала шешуге мүмкіндік береді.