Павлодарлық жүзушілердің елдегі орны қайта нығайып келеді

Павлодарлық жүзушілердің елдегі орны қайта нығайып келеді
Фото: автор

Жүзуден ОРМБЖМ-да спортшыларды даярлаудың жүйесі қалыптасып, республикалық деңгейдегі нәтижелер артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодардағы жүзуден мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебі 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Ал 2006 жылы мектепке ОРМБЖМ мәртебесі берілді. Бүгінде мұнда мыңнан астам жас спортшы жаттығады. Өңірде қалыптасқан инфрақұрылым спортшыларды бастапқы дайындықтан жоғары спорттық шеберлік деңгейіне дейін жүйелі түрде даярлауға мүмкіндік береді.

Ertis Olympic бассейні ашылғанға дейін мектеп тәрбиеленушілері 1978 жылы пайдалануға берілген Оқушылар сарайының бассейнінде жаттыққан. Бұл нысан 2018 жылға дейін мектептің негізгі жаттығу орындарының бірі болды. Қазір спорт мектебінің қала бойынша төрт филиалы бар. Олар — Ertis Olympic, Оқушылар сарайы, «Шымыр» және «Толқын» бассейндері.

ОРМБЖМ-да 7-18 жас аралығындағы 1077 бала спортпен айналысады. Дайындық бірнеше кезеңге бөлінген: бастапқы дайындық топтары, оқу-жаттығу топтары, спорттық шеберлікті жетілдіру және жоғары спорттық шеберлік топтары. Мұндай жүйе спортшының шеберлігін кезең-кезеңімен арттырып, ұлттық құрамаға резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаттықтырушылар еңбегінің нәтижесі де көрініп келеді. 2026 жылы бес тәрбиеленуші спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаса, сегіз спортшы бірінші разрядқа ие болды. Жалпы биыл 208 балаға спорттық разряд берілді.

Павлодарлық жүзушілер Шымкентте өткен жазғы ел чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетті. Жарыс алдында команда бір алтын, бір күміс және бір қола медаль алуды жоспарлаған. Алайда спортшылар жоспардан әлдеқайда жоғары нәтиже көрсетіп, 5 алтын, 6 күміс және 12 қола медаль жеңіп алды.

ОРМБЖМ директоры Нұрбол Тұмарбековтің айтуынша, бастапқы жоспардың салыстырмалы түрде төмен болуы соңғы жылдардағы бірқатар қиындықтарға байланысты.

- 2014–2018 жылдары Павлодарда жүзуге арналған спорттық база жеткілікті деңгейде дамымады. Бассейндердің тапшылығы салдарынан спортшыларды қабылдау мен даярлау жүйесінде белгілі бір үзіліс қалыптасты. Оған қоса, 2020–2021 жылдардағы коронавирус пандемиясы жаттығу процесіне айтарлықтай әсер етті, - деді спорт мектебінің басшысы.

Соған қарамастан, Павлодар жүзушілері бүгінде Қазақстанның үздік он өңірінің қатарында тұрақты түрде келеді. Бұған дейін Павлодар жүзуден еліміздің үздік үш өңірінің қатарында болған. Қазіргі таңда спорттық база мен инфрақұрылымның жаңаруы, сондай-ақ жаттықтырушылар құрамының күшеюі өңірдің бұрынғы көшбасшылық позициясына қайта оралуына мүмкіндік беріп отыр.

Мектептің басты артықшылықтарының бірі — білікті мамандар. Қазір ОРМБЖМ-да 17 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның екеуінің жоғары санаты бар. Ал алты павлодарлық спортшы Қазақстанның түрлі ұлттық құрамаларының сапында. Мектептің жарқын тәрбиеленушілерінің бірі — Арина Олифрович. Қазір ол жас ерекшелігіне байланысты спорттық шеберлігін ШВСМ-де жалғастырып жүр.

Жаттығу жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді. Ertis Olympic бассейні халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Мұндағы су заманауи технология бойынша алты химиялық компоненттің көмегімен бірнеше кезеңде тазартылады. Сондықтан бассейн суы тек хлормен тазаланады деген түсінік шындыққа жанаспайды.

Бүгінде павлодарлық жүзудің басты артықшылығы — спорттық база, заманауи инфрақұрылым және білікті жаттықтырушылар құрамы. Бұл факторлар жас спортшыларды даярлау жүйесін одан әрі дамытуға және Павлодарды қазақстандық жүзудің көшбасшылары қатарына қайта шығаруға мүмкіндік береді.