Шарбақты тұрғыны марихуана сақтағаны үшін қоғамдық жұмысқа тартылды
Ер адам есірткіні ескі қоқыс төгетін орыннан тауып, жеке тұтыну үшін үйінде сақтаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық соттың мәліметінше, жергілікті тұрғынға есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз иемдену және сақтау бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы тамыз айының соңында ер адам Шарбақты ауылындағы ескі қоқыс төгетін орын аумағынан қарасора өсімдігін жұлып алған. Кейін оны кептіріп, тұрғылықты жерінде жеке тұтыну үшін сақтаған.
Тінту кезінде екі түйіншек марихуана табылып, тәркіленді. Сараптама кептірілген марихуананың жалпы салмағы аз мөлшерді құрағанын көрсетті.
– Жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін толық мойындауы, өкінуі, кәмелетке толмаған төрт баласының болуы және жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескерілді, – деп хабарлады аудандық сот.
Ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 80 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды. Сондай-ақ сотталған адамнан процестік шығындар өндірілді.