Павлодар әртістері заң мен құқық бойынша емтихан тапсырды

Павлодар әртістері заң мен құқық бойынша емтихан тапсырды
Фото: автор

Павлодарда мәдениет қызметкерлерінің заң саласындағы білімі интеллектуалды ойында сыналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында мәдениет және өнер саласының қызметкерлері арасында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында алғаш рет интеллектуалды сайыс өтті.  Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова өңірдегі мәдениет саласында төрт мыңнан астам адам еңбек ететінін, мемлекеттік мәдениет жүйесінде 512 нысан жұмыс істейтінін айтты. Жыл сайын облыста 30 мыңнан астам мәдени іс-шара өткізіледі.

Оның айтуынша, құқықтық мәдениет пен жалпы мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты.

- Заңды құрметтеу, өз құқықтарың мен міндеттеріңді білу, айналаңдағы адамдарға құрметпен қарау — адамның мәдениетінің негізі. Өз құқығын құрметтеген адам өзгенің құқығына қол сұқпайды. Ал тәртіп пен жауапкершілік — кез келген ұжымның берік негізі, — деді Айгүл Мәлікова.

«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты — жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды құрметтеуге және өз құқықтары мен міндеттерін білуге баулу. Сайысқа бес адамнан құралған үш команда қатысты. Олардың құрамында облыстық кітапханалар, музейлер, филармония және өңірдің қала-аудандық мәдениет ұйымдарының қызметкерлері бар.

«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы Замира Солтанованың айтуынша, мәдениет қызметкерлері әдетте көрерменге өнерін көрсетсе, бұл жолы олардың құқықтық білімі сыналды.

- Өнерпаздар көрерменді ән мен күймен сүйсіндірсе, бүгін өз білімдерін көрсетеді. Сұрақтар адам құқықтары, заңнама, авторлық құқық тақырыптарын қамтиды. Біз жай ғана байқау өткізуді емес, қатысушылардың өз құқықтары мен міндеттерін ойын арқылы тексеріп, құқықтық білімдерін толықтыруды мақсат еттік, — деді Замира Солтанова.

Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтті. Олардың арасында блиц-сұрақтар, үй тапсырмасы және көрермендердің сұрақтары болды. Командалардың жауаптарын прокуратура, полиция және облыс әкімдігінің өкілдерінен құралған сарапшылар бағалады. Сайыс барысында заңнаманы білуге арналған сұрақтармен қатар, өмірлік жағдайларға байланысты тапсырмалар да берілді.

Сайысқа қатысқан «Болашақ» командасының құрамына Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхана, облыстық көркемсурет музейі, Потанин музейі және Иса Байзақов атындағы облыстық филармония қызметкерлері кірді. Команда капитаны Әмина Жеңісқызының айтуынша, қатысушылар сайысқа бір ай бойы дайындалған.

- Әрине, бірінші орын алуға тырысамыз. Бірақ жүлдеге ілікпесек те, бұл — біз үшін жақсы тәжірибе. Бір команда болып жұмыс істеуді, міндеттерді бөлісіп, жауаптарды бірге іздеуді үйрендік. Мұндай шаралар жастарға өз құқықтары мен міндеттерін білудің маңызын түсіндіруге де мүмкіндік береді, — деді ол.

Ашық диалог барысында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Мәлік Оңғарбаев жастар арасында жиі кездесетін құқықтық тәуекелдерге тоқталды.

Ол жасөспірімдер мен жастарды банк картасын, жеке деректерін және шоттарына қолжетімділікті бөгде адамдарға бермеуге шақырды. Оның айтуынша, картасын бірнеше күнге ақшаға ұсыну туралы «жұмыс» ұсыныстары алаяқтық схемаларға тартылып, қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Полиция өкілі дропперлік пен лудомания мәселесіне де назар аударды. Оның сөзінше, оңай әрі тез ақша табуға деген ұмтылыс жастарды қылмыстық схемаларға араластырып жіберуі ықтимал.

— Заң тұрғысынан алғанда, өз картасын бөгде адамдардың ақшасын шығару үшін берген адам жай ғана кездейсоқ қатысушы болып қалмайды. Сондықтан қарапайым ереже бар: банк картасы мен жеке деректерді ешкімге беруге болмайды, — деді Мәлік Оңғарбаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат құқық бұзушылықтың алдын алумен қатар, жастардың командалық жұмыс, сыни ойлау және өз ұстанымын дәлелді жеткізу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Сайыс соңында қатысушыларға Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының жаңа даналары табысталды.