Павлодарда саябақ пен аулаларда ішімдік ішкендер жауапқа тартылды

Павлодарда саябақ пен аулаларда ішімдік ішкендер жауапқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері қоғамдық орында мас жүрген 8000-ға жуық адам анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында азаматтардың көшелерде, саябақтарда, кіреберістерде, сауда үйлерінде және басқа да қоғамдық орындарда мас күйінде жүруі жиілеген. Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру бойынша 7854 факті тіркелген.  

Мәселен, Заслонов көшесіндегі үйдің ауласында орналасқан балалар алаңында бір топ жас жігіт алкогольдік ішімдік ішкен. Мұндай әрекетке наразы болған көпқабатты үй тұрғындары полицияға хабарласқан. Осыған ұқсас жағдай М.Жүсіп көшесінде де орын алған. Мұнда спирттік ішімдік ішкен жігіттер өтіп бара жатқан азаматтардың ескертуіне құлақ аспай, өздерін әдепсіз ұстаған. Олар айқайлап, балағат сөздер айтқан. 

Екі жағдайда да оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Сонымен қатар, олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. 

Құқық қорғау органы қоғамдық орында алкогольдік ішімдікке мас болған адамды байқаса, азаматтарды өз бетінше әрекет жасамауға шақырады. Ең абзалы тәртіп сақшыларына хабарласу екенін ескертеді.