Павлодарда бір ай бойы қоқысты полигонға тегін тапсыруға болады
Қалада тазалық және абаттандыру айлығы басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбековтің мәліметінше, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 12 қыркүйек пен 12 қазан аралығында қалада тазалық және абаттандыру айлығы өтеді.
Осы кезеңде қалалық полигон тұрғындар мен ұйымдардан қоқысты тегін қабылдайды.
Сонымен қатар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ірі көлемді қоқысты шығаруға арнайы техника ұсынады.
– Кәсіпорындарды, бизнес өкілдерін және барлық қала тұрғындарын акцияға қатысуға шақырамын. Бірге Павлодарды таза әрі жайлы қалаға айналдырайық, – деді Хасар Хабылбеков.
Ірі көлемді қоқысты шығару үшін өтінімді 8 702 340 75 50 нөмірі арқылы беруге болады.