Баянауылда әйгілі Тайқазанның көшірмесі орнатылды
Былтыр киелі Түркістан жеріне қасиетті Баянауылдан қарағай көшеттері жеткізілген болатын. Аталмыш өңір алғысын осылай білдіруді жөн көрсе керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауылда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған әйгілі Тайқазанның көшірмесі салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш нысан түпнұсқаның көлемімен бірдей етіп жасалып, ауданға сыйға тартылды.
Бұл игі бастаманың негізінде қоғам қайраткері, кәсіпкер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Избастиннің өңіраралық рухани байланысты нығайту туралы идеясы жатыр.
Өткен жылы оның қолдауымен Баянауылдан Түркістанға 50 қарағай көшеті жеткізілген болатын. Марғұлан университетінің ректоры, академик Алтынбек Нұхұлы бастаған баянауылдық делегация киелі қалаға барып, көшеттерді «Заң мен тәртіп» саябағына отырғызған болатын.
Тайқазан көшірмесінің ашылу рәсіміне Түркістаннан арнайы делегация келді. Оның құрамында зиялы қауым өкілдері, қалалық және облыстық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің басшылары, мәдениет қайраткерлері және ғалымдар болды. Делегацияны Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Алипов бастап келді.

Ол Баянауыл тұрғындарына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.
– Бұл бастама екі өңір арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тарихи және рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Тайқазан бауырлас өңірлер арасындағы достық пен өзара құрметтің символына айналады, – деді Мадияр Алипов.
Салтанатты шараға Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжынов пен Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев та қатысты. Олар Түркістаннан келген қонақтарға символдық мәні зор сыйлық үшін алғыс білдірді.
Түркістандық ақсақалдар атынан Есеналимұрат Ізтілеуов пен Қыдырали Рысбеков бата берді. Ал белгілі ақын, айтыскер Бекарыс Шойбеков арнайы жыр арнап, екі өңір арасындағы рухани сабақтастықтың маңызын атап өтті.
Тайқазанның орнатылуы Павлодар облысы мен Түркістан арасындағы тарихи, мәдени және рухани байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Фото ашық дереккөздерден