Шарбақты ауданы оқушыларының құрама командасы облыстық кезеңде үздік атанды

Шарбақты  ауданы оқушыларының құрама командасы облыстық кезеңде үздік атанды
Фото: Білім басқармасы

Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне 700-ге жуық  жоғары сынып оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Республикалық  пәндік олимпиадаға 27 команда қатысты: оның ішінде үш қала, 10 аудан және 14 мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 9-11-сыныптардың 687 оқушысы қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша мамандандырылған мектептер арасында «Үздік олимпиадалық команда – 2024» атағы жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша бірінші орынды дарынды балаларға арналған № 8 мектеп-лицейі, екінші орынды дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты, үшінші орынды дарынды балаларға арналған №3 гимназиясы иеленді.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша бірінші орынға дарынды балаларға арналған № 3 гимназия, екінші орынға дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназия-интернаты және үшінші орынға «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі ие болды.

Қалалар  арасында «Үздік олимпиадалық команда-2024» номинациясын қалалар арасында Павлодар қаласының құрама командасы, аудандық командалар  арасында  Шарбақты  ауданы оқушыларының құрама командасы алды.

Жүлделі дипломдармен 338 қатысушы марапатталды. Оның ішінде бірінші дәрежелі дипломмен 56 оқушы, екінші дәрежелі дипломмен 102 оқушы, үшінші дәрежелі дипломдармен 180 оқушы марапатталды.

Облыстық пәндік олимпиада жүлдегерлеріне Торайғыров университетінің бес білім гранты және Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің 12 гранты табыс етілді.