«Омбы – Майқапшағай» тасжолындағы апат екі адамның өмірін қиды

«Омбы – Майқапшағай» тасжолындағы апат екі адамның өмірін қиды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қайғылы оқиға 19 маусым күні Аққулы ауданы аумағында орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Changan CS75 және Skoda Rapid автокөліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

19 маусым күні Аққулы ауданы аумағындағы «Омбы – Майқапшағай» автожолында Changan CS75 және Skoda Rapid автокөліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Оқиға салдарынан Skoda автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Екінші автокөліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы ауруханаға жеткізілді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, көліктердің соқтығысуы орын алғаны анықталды. Автокөліктер мамандандырылған айып тұрағына қойылды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.

Полиция департаменті осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдық режимін бұзбауды, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде сақ болуды және көлік құралдарының техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды ескертеді.