«Таза Қазақстан»: Павлодарда құмды заңсыз өндіргендердің ісі әшкере болды
Құқық бұзушының әрекетін тиісті мамандар саралауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында полиция қызметкерлері абаттандыру қағидалары мен табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.
- Қаланың бау-бақша серіктестіктерінің бірінде жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында жер қойнауын заңсыз пайдалану дерегі анықталды. Мұнда тұрғын тиісті рұқсатсыз құм өндірген, - деді Павлодар облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Қазіргі таңда құқық бұзушыға қатысты материал жиналып, қарау және құзыреті шегінде шешім қабылдау үшін Павлодар облысының экология департаментіне жолданды.
Тәртіп сақшылары экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және табиғатты қорғау заңнамасының талаптарының сақталуын бақылау бойынша жұмысты жалғастыра береді. Мұндай рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, өңірдегі тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған.