ОСК Құрылтай депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялады
Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлаудағы алдын ала сайлаушылардың келу көрсеткіші 74,08% болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлаудың дауыс беру бойынша алдын ала нәтижелерін жариялады. Сайлаушылар тізіміне енгізілген 12 623 289 азаматтың 9 351 539-ы дауыс беруге қатысты. Алдын ала сайлаушылардың келу көрсеткіші 74,08% болды.
Алдын ала дауыстарды санау қорытындысы бойынша сайлауға қатысқан жеті саяси партияның бесеуі 5 пайыздық межеден өтті.
Сайлауда «Әділет» партиясы көш бастады. Оған 6 528 948 сайлаушы, яғни дауыс бергендердің жалпы санының 71,17%-ы дауыс берді.
Екінші орынға «Ауыл» партиясы ие болды. Партияны 574 621 сайлаушы қолдады, бұл 6,26%-ды құрайды.
«Respublica» партиясы 509 631 дауыс жинап, 5,56% көрсеткішке ие болды.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 478 083 дауыс, немесе 5,21% жинады.
Бес пайыздық межеден Жалпыұлттық социал-демократиялық партия да өтті. Оған 469 058 адам, яғни сайлаушылардың 5,11%-ы дауыс берді.
Осылайша, ОСК-ның алдын ала мәліметіне сәйкес, Құрылтайға мына партиялар өтеді:
– «Әділет» партиясы – 71,17%;
– «Ауыл» партиясы – 6,26%;
– «Respublica» партиясы – 5,56%;
– Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 5,21%;
– Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,11%.
Екі саяси күш белгіленген 5 пайыздық межеден өте алмады. Қазақстан халық партиясы 285 395 дауыс, немесе 3,11%, ал Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 97 751 дауыс, яғни 1,07% жинады.
Сонымен қатар6 сайлаушылардың 2,51%-ы «Барлығына қарсымын» деген нұсқаны таңдаған.
23 тамызда өткен сайлау Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауы болды. Орталық сайлау комиссиясы бұған дейін сайлаудың алдын ала нәтижелерін ресми жариялау 24 тамызға жоспарланғанын хабарлаған болатын.
Ұсынылған көрсеткіштер – дауыс берудің алдын ала нәтижелері. Сайлаудың түпкілікті қорытындысын ОСК Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілейді.