Цифрлық сервистер павлодарлықтарға өз учаскесін жылдам табуға көмектеседі

Цифрлық сервистер павлодарлықтарға өз учаскесін жылдам табуға көмектеседі
Фото: Ақмарал Есімханова

Барлық дауыс беру пункттерінде электрондық үкімет сервистері жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сервистер сайлаушыларға өз учаскесін оңай тауып, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуға мүмкіндік береді. Павлодардағы №52 сайлау учаскесінде де цифрлық сервис белсенді қолданылып жатыр.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ольга Слывоцкаяның айтуынша, онлайн-сервис азаматтардың тіркеу деректерін нақтылау үшін электрондық үкіметтің деректер базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

– Егер сайлаушы сайлаушылар тізімінде болмаса немесе оның жеке деректері мен мекенжай мәліметтері қате көрсетілсе, онлайн-сервис арқылы қажетті ақпаратты жедел нақтылай аламыз. Осының арқасында белгіленген тәртіп аясында сайлаушылар тізімімен дұрыс жұмыс істеуге мүмкіндік бар, – деді Ольга Слывоцкая.

Дауыс беру процесі белсенді өтіп жатыр. Алғаш рет дауыс беріп жатқан сайлаушыларға символикалық сыйлықтар дайындалған. Учаскеде алғаш рет дауыс беретін 11 сайлаушы тіркелген.

Жақсылық Мамырбаев та бүгін алғаш рет өз таңдауын жасады. Биыл жас жігіт Торайғыров университетінің Computer Science факультетіне оқуға түскен.

– Өз таңдауымды саналы түрде жасап, азаматтық ұстанымымды білдіру үшін келдім. Меніңше, бұл – әр қазақстандықтың міндеті. Өйткені бәріміз еліміздің өркендеуін тілейміз және жарқын болашақ үшін дауыс береміз, – деді Жақсылық.

Өңір тұрғындары 522 сайлау учаскесінде дауыс береді, оның 140-ы облыс орталығында орналасқан. Сайлау комиссияларының құрамында 3,4 мыңнан астам адам бар. Барлығы 145 депутат сайланады. Бұл мандаттарға жеті саяси партиядан 545 кандидат тіркелген.