Павлодар ауданында үш ауылда жол, мектеп және су тасқыны жұмыстары тексерілді

Павлодар ауданында үш ауылда жол, мектеп және су тасқыны жұмыстары тексерілді
Фото: @didar.ibrayev

Аудан әкімі Луганск ауылдық округі мен Ефремовка ауылына жұмыс сапарымен барып, атқарылған жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Богдановка ауылында Молодежная көшесін орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

– Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен «Иверис» ЖШС мердігерлік ұйымы мектеп пен ауылдық клуб орналасқан көшеге, сондай-ақ іргелес тұйық көшеге асфальт төседі. Қазіргі уақытта жол белгілері мен таңбалау сызықтары қойылып, сапаны тексеру үшін автожолдар сапасын сараптау ұлттық орталығының филиалы керн сынамаларын алды, – деп жазды Дидар Ибраев әлеуметтік желіде.

Сондай-ақ, аудан әкімі ауылдағы мектеп ғимаратының жай-күйі мен жылыту маусымының өтуін тексерді.

– Луганск орта мектебінде биылғы жазда облыс басшылығының тапсырмасымен 1964 жылы негізі қаланғаннан бері алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді. Бір корпустың шатырын қайта жаңғырту нәтижелерімен және ғимараттың одан әрі пайдаланылу жағдайымен таныстым, – делінген хабарламада.

Күзгі-қысқы кезеңдегі басты міндеттердің бірі – көктемгі су тасқынына дайындық. Дидар Ибраев бұрынғы Даниловка ауылының аумағын қоса алғанда Ефремовка ауылында инженерлік іс-шаралар жоспарының орындалуын тексерді. Мұнда бұрылыс арналары, қорғаныш бөгеттері салынып, қосымша су өткізгіш құбырлар орнатылды.

Сонымен қатар, қыс мезгілінде ауданның елді мекендерінен қарды күшейтілген тәртіппен шығару жұмыстары жүргізілетін болады.