Павлодар ауданында эпизоотиялық ахуал тұрақты
Ауданда мыңдаған ауыл шаруашылығы жануары вакцинацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданында 2026 жылға арналған ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспары кезең-кезеңімен орындалуда. Ауыл шаруашылығы жануарларын аса қауіпті жұқпалы аурулардан қорғау мақсатында вакцинациялау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр.
Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әсет Молдаштың айтуынша, соңғы үш жылда аудан аумағында эпизоотиялық ахуал тұрақты сақталып келеді. Осы кезеңде жануарлардың аса қауіпті жұқпалы аурулары тіркелмеген, карантиндік шектеулер де енгізілмеген.
— Бүгінде ауданда аусылға қарсы ауқымды вакцинация жүргізілді. Атап айтқанда, 50,9 мың бас ірі қара, 49,3 мың бас ұсақ мал және 63,15 мың бас шошқа егілді. Қажетті көлемде вакцина қоры жеткілікті. Екпе жұмыстары белгіленген мерзімдерге сәйкес, вакцинациялар арасындағы аралық пен жас малды қайта вакцинациялау талаптары сақтала отырып жүргізілуде, - деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар, Әсет Молдаш сібір жарасына қарсы вакцинация ауданда толық аяқталғанын атап өтті. Бұл инфекцияға қарсы 18 мың бас ірі қара, 13,1 мың бас ұсақ мал, 3,4 мың жылқы және 31,78 мың бас шошқа егілді. Бұдан бөлек, эмкарға қарсы 14,35 мың бас ірі қараға вакцина салынды.
Қазіргі уақытта нодулярлық дерматиттің алдын алу шаралары жалғасуда. Жоспар бойынша 6 мың бас ірі қараны вакцинациялау көзделген.
— Мұндай профилактикалық шаралар малдың жұқпалы ауруларын болдырмауға, өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді ол.
Айта кетелік, ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру үшін ауданда инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Биыл Павлодар ауданында бес жаңа ветеринариялық пункт пайдалануға беріледі. Олар Кеңес, Шақат, Заря, Розовка және Чернорецк ауылдық округтерінде салынып жатыр.