Қорлыққа шыдамаған: Павлодар облысында жігіт өзін-өзі өлтіруге оқталған (ВИДЕО)
Өңірде жастар арасындағы бопсалау фактілерінің жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Polisia.kz ақпараттық-медиа порталының мәліметінше, Павлодар облысының полиция департаменті, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен ағымдағы жылдың мамыр айында жастарды бопсалаумен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды. Топ мүшелеріне осындай 10 фактіге қатысы бар деген айып тағылды.
– Олар жәбірленушілерді қорқытып, екі млн теңгеге дейін алған. Жәбірленушілер қылмыскерлерден қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбеген. Заңсыз әрекеттердің салдарынан жәбірленушілер суицид жасауға дейін барғанын атап өткен жөн. Осындай оқиғалардың бірінде қорлық пен соққыға шыдамаған 22 жастағы жігіт өзін-өзі өлтіруге оқталған, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Топ мүшелерін ұстау кезінде олардан травматикалық және суық қару, сондай-ақ синтетикалық есірткі тәркіленді.
Барлық күдікті қамауға алынды. Жәбірленушілерге қатысты қауіпсіздік шаралары қабылданды. Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.