Павлодар – Семей тас жолында үш автокөлік соқтығысып, 4 жасар қыз зардап шекті
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 наурызда сағат 15.50 шамасында «Ауди» маркалы автокөлік жүргізушісі Павлодар - Семей автожолымен жүріп келе жатып, қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, Mazda Cronos маркалы көлігімен соқтығысқан.
– Екінші көлік соққы салдарынан Киа Rio көлігімен соқтығысқан. Бұл машиналар жаяу жүргіншілерді өткізіп тұрған, – деді департаментте.
Mazda Cronos автокөлігінің жүргізушісі медициналық көмекке жүгінді.
Облыстық жедел жәрдем станциясында жол апаты Кенжекөл ауылындағы көпірдің жанында орын алғанын хабарлады. Жедел жәрдем оқиға орнына 10 минутта жеткен. Зардап шеккен 1992 жылғы әйел ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Миы шайқалған төрт жастағы қыз облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.