Ертіс-Успен арнасы қашан іске қосылады?
Павлодар ауданындағы екі шаруа қожалық арнадан суармалы су алу үшін қосылу нүктелерін алып үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚаЗсуШар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы директорының орынбасары Әділбек Шапатовтың айтуынша, биыл Ертіс-Успен каналы іске қосылмайды. Жоба бес кезеңнен тұрады. Салынып жатқан арна аяқталып, балық қорғау қондырғылары бар сорғы станциясы үшін жабдықтар сатып алынған, бетон жұмыстары аяқталған. Электр желілері бар электрмен жабдықтау 95 пайызға дайын, желтоқсан айының соңына дейін толықтай аяқталмақ. Сонымен қатар, 11 шақырым магистральдік канал мен үш аванкамера қапталған. Мәселе жер асты суларының көтерілуінен туындап, техникалық түзетулер мен өзгерістерді ескере отырып, арнаны келесі жылы аяқтау туралы шешім қабылданған.
– Арнаның құрылысы аяқталды, тек су беру үшін көпір ашу керек. Сорғы станциясы мен электрмен жабдықтау желілерін монтаждау жұмыстары жалғасуда. Новомичурино ауылында іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан қосалқы станция орнатылған. Биыл электр қуатын қосамыз, мамыр айында сорғыларды іске қосып, вегетациялық кезеңде су жібереміз, – дейді Әділбек Шапатов.
Каналға су жіберуді бастау 2025 жылдың мамырында уәде етілуде. Бастапқыда бұл 1,4 мың гектар егістік алқапты суарумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Арна іске қосылғаннан кейін оған қызмет көрсететін «Қазсушар» РМК Павлодар филиалында Павлодар ауданындағы екі шаруа қожалығына қосылу нүктелері мен қажетті техникалық шарттар берілгенін айтады. Ертіс-Успен каналынан тағы 12 аграршы су алғысы келеді. Бүгінде олармен барлық техникалық сәттер пысықталуда.
«Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы директоры Оңдасын Жиенқұловтың айтуынша, агрегаттар жаңғыртылып, сорғы-қуат жабдықтарының 25 пайызы ауыстырылды. Бір агрегаттың құны – бір жарым миллиард теңге. Жабдықты бес жыл ішінде толығымен ауыстыру жоспарлануда.
– Бөлінген ақшаға мамандар Екатеринбургтен жаңа сорғылар сатып алады. 600 миллионға ескі жабдықтар мен қондырғыларды жөндеуге арналған қосалқы бөлшектер алынды, – дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, ұзындығы 12,5 шақырым болатын Ертіс-Успен каналы өңірдегі суару алаңын он мың гектарға ұлғайтады. Құрылыс 2020 жылы басталғанмен, пандемияға байланысты жобаны қаржыландыру үзілді. Жер қатынастары басқармасы канал төрт жылдан кейін, яғни 2024 жылдың жазында жұмыс істейді деп мәлімдегенмен, тапсыру мерзімдері қайтадан ауыстырылды.