Павлодар ауданының әкімі үш округтің абаттандырылуын тексерді
Дидар Ибраев жұмыс сапарымен Черноярка, Григорьев және Чернорецк ауылдық округтерін аралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аудан әкімі Черноярка ауылындағы Школьная көшесі мен іргелес көшелерде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жобасымен танысты. Жұмысты өңірлік бюджеттен қаржыландыру көзделген, мердігер – ЖШС «ИНЭК». Жұмыс жазда басталады.

Одан кейін әкім Новочерноярда болып, қазандық пен сорғы станциясын тексерді. Ауылдағы жылу беру маусымы қалыпты режимде өтуде. Сонымен қатар, маусымаралық кезеңге жөндеу жоспары бекітілді. Дидар Ибраев орталық су құбырының суын тексеруді, ай ішінде профилактикалық жұмыстар жүргізіп, фильтрлерді ауыстыру және жабдықтарды жөндеуді тапсырды.
Ал Жаңа қала ауылында әкім Ертіс жағалауын ерекше назарға алды. Мұнда мамандар көктемгі су тасқынының жерге әсерін зерттейді. Сондай-ақ, ауылішілік көшелерде қар ерігеннен кейін тегістеу және қиыршық тас төсеу арқылы жөндеу жоспарлануда. Ауылдағы 1 Мамыр көшесін асфальттау мәселесі де назардан тыс қалмады.

Чернорецк ауылында негізгі мәселе – орталық су құбырының тұрақты жұмысы. Биыл мұнда ұңғыманы электр желісімен қамтамасыз ету жоспарланған, мердігер – ЖШС «Альтаир-ПВ». Сонымен қатар, аудан әкімі тапсырмасымен заманауи сорғы станциясын және су тазалау жүйесін салу жобасы әзірленуде.
Сапар соңында әкім «Ақбота» балабақшасының күрделі жөндеу жоспарымен танысты. Жұмыстар 1 мамырда басталып, үш айға созылады. Жобаның мердігері – ЖШС «Namys Stroy». Қаржыландыру өңірлік бюджет есебінен жүргізіледі.
Дидар Ибраев ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңарту және жайлы өмір сүру жағдайларын жасау – тұрақты бақылауында болатынын атап өтті. Осындай жұмыс сапарлары ауданның басқа ауылдық округтерінде де жалғасады.