Павлодар ауылында 30 көше жөнделді
Жол жөндеу жұмыстары толық аяқталып, нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Павлодар облыстық филиалының мәліметінше, Павлодар ауылында 30 көшеге күрделі жөндеу жүргізілді.
Орталық мамандары жұмыстардың сапасын тұрақты бақылап, жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алған.
– Павлодар ауылындағы жөнделіп жатқан нысандарға мамандарымыз 17 рет барды. Осы уақыт аралығында жол-құрылыс материалдарының 64 сынамасы алынды. Зертханалық сынақтардың нәтижесінде барлық сынама белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келді, – деп хабарлады филиалда.
Жөндеу төрт кезең бойынша жүргізілді. Бірінші, екінші және төртінші кезеңдерді «ПКФ ГОРДОРСТРОЙ» ЖШС, үшінші кезеңді «Павлодаржолдары» ЖШС орындады.
Жолдар Павлодар қаласының ауылдық аймағындағы басқа елді мекендерде де жаңартылды. Атамекен ауылындағы Болашақ, Мойылдыдағы Мектеп және Алаш Орда көшелеріне орташа жөндеу жүргізілді.
Кенжекөлде төрт көше жөнделді. Сәтбаев – Кенесары хан және Алтынсарин – Кенесары хан көшелерінің учаскелерінде, сондай-ақ Молдағұлова мен Бәйтерек көшелерінде жұмыстар аяқталды. Жетекші ауылындағы ұзындығы 1,8 шақырым Торайғыров көшесі күрделі жөндеуден өтті.
Ақсу қаласында биыл Әуезов, Құрылысшылар, Пушкин, Чкалов және Бауыржан Момышұлы көшелерін орташа жөндеу жоспарланған. Әуезов көшесінде асфальт төсеу жалғасып жатыр. Құрылысшылар көшесіндегі жұмыстар инженерлік желілердің құбырларын ауыстыру қажеттілігіне байланысты әлі аяқталмаған.
Жалпы 2026 жылы Павлодар облысының жергілікті жол желісінде 332 шақырымды қамтитын 99 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында облыстық және аудандық маңызы бар жолдар, ауылдарға кірме жолдар, қала және ауыл көшелері бар.