Павлодар бағыты – елдегі ең жүктемелі ақылы жолдардың қатарында
2025 жылы 3,8 млн-нан астам сапар тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның мәліметінше, қазіргі уақытта ел аумағында жалпы ұзындығы 4 883 шақырымды құрайтын 26 ақылы учаске жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ақылы автомобиль жолдарында 74 млн-ға жуық сапар тіркелді. Аталған желінің құрамында I техникалық санаттағы 12 учаске (2 231 шақырым) және II-III техникалық санаттардағы 14 учаске (2 652 шақырым) бар.
Жол қозғалысының құрылымы көлік ағынының ірі агломерациялар маңына және негізгі транзиттік бағыттарға шоғырланғанын көрсетеді. Ең жоғары жүктемесі бар алғашқы бес учаске барлық сапардың 51 пайызын, ал алғашқы он учаске шамамен 73 пайызын қамтамасыз еткен. Сапарлар саны бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы-Қонаев бағытына (11,8 млн) және Шымкент торабының оңтүстік бағыттарына, соның ішінде Өзбекстан Республикасының мемлекеттік шекарасына шығатын учаскеге (9,3 млн) тиесілі.
2025 жылғы ақылы учаскелердің сапар саны рейтінгінде Астана-Павлодар (2,5 млн) бағыты 10-шы орын, Павлодар-Семей-Қалбатау - (1,3 млн) бағыты 17-ші орын, ал Павлодар-Ресей Федерациясының шекарасы (Омбыға) (856 мың) бағыты 19-шы орынды алып отыр.