Павлодар дәрігер тапшылығы мәселесін қалай шешеді

Павлодар дәрігер тапшылығы мәселесін қалай шешеді
Фото: Константин Шелков

Биылдың өзінде Павлодарда 120 резидент университет тәмамдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында медицина кадрларының тапшылығын азайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Негізгі бағыт – мамандарды өңірде даярлап, оларды жергілікті жерлерде жұмыспен қамту.

Семей медицина университетінің ректоры Алтай Дүйсіповтың айтуынша, медициналық университет Абай, Жетісу және Павлодар облыстары үшін кадр даярлауды үйлестіреді. Университеттің Семей, Өскемен және Павлодар қалаларында филиалдары бар.

- Павлодар филиалында интернатура және резидентура деңгейінде білім алушылар дайындалады. Қазіргі таңда мұнда 190 интерн оқиды, олардың 73%-ы Павлодар облысының тұрғындары. Бұл олардың өңірде қалу ықтималдығын арттырады, - дейді ректор.

Өңірде жалпы тәжірибелік дәрігерлердің тапшылығы өзекті болып отыр. Осыған байланысты биыл базалық мамандықтар бойынша интерндерді даярлау қайта жанданды. Олардың қатарында жалпы тәжірибелік дәрігер, терапия, хирургия, акушерия және гинекология, балалар хирургиясы бар. Интерндер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету деңгейінде жұмыс істеуге құқылы.

Резидентурада 55 мамандық бойынша тар бейінді дәрігерлер даярланады. Павлодарда 314 резидент білім алуда, олардың шамамен 80%-ы – жергілікті тұрғындар.

2026 жылы Павлодар филиалын 120 резидент бітіреді. Облыс әкімінің гранттары маңызды рөл атқарады: қазіргі таңда 30 резидент пен 12 интерн осы грант бойынша оқуда. Түлектер кадр тапшылығы бар аудандарға жіберіледі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, кадр тарту жұмысы кешенді түрде жүргізілуде. 2026 жылы көтерме жәрдемақыларға 225 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 12 дәрігердің өтінімі қаралды.

- «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тоғыз медицина қызметкеріне қолдау көрсетілді. Сонымен қатар әкім грантымен 102 студент, 42 интерн және 60 резидент білім алуда. Бұл мақсатқа 442 миллион теңге бөлінген, - деді спикер.

Биыл өңірге 86 дәрігер келеді деп күтілуде, оның ішінде 44-і – тар бейінді мамандар. 2026 жылға 24 мамандық бойынша 56 грант қарастырылған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне 70 маманды даярлауға өтінім берілді.

Өңірде ең сұранысқа ие мамандар жалпы тәжірибелік дәрігерлер, терапевтер, хирургтер, акушер-гинекологтар, педиатрлар, тар бейінді мамандар.

Қабылданып жатқан шаралар медицина кадрлары тапшылығын азайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.