Павлодар көшелерінің біріне Жасыбай батырдың есімін беру ұсынылды

Ұсыныс алдағы уақытта қаралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Май ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында ауыл тұрғындарының бірі қазақ батырларының ерліктерін еске алып, тұрғындар атынан ұсыныс айтты.
– Кезінде осы Сарыарқа жерлерін ақ найзаның күшімен қорғаған батырларымыз жеткілікті. Олардың ішінде Жасыбай батырымыз да бар, – деп бастады ауыл тұрғыны. – Павлодар қаласында Олжабай батыр мен Малайсары батырға көше берілді. Бір ғана Жасыбай батыр қалып қойды. Павлодар қаласында Жасыбай батырдың атымен бір көше аталса деген ұсынымыз бар. Бұл – жастар мен халықтың көкейінде жүрген ұсыныс.
Асайын Байханов аталған ұсынысты мақұлдайтынын жеткізді.
– Жасыбай батырдың рөлі ерекше, тарихын білеміз. Қалмақ қырылған жерде қаза тапқан. Ұсынысыңызды қабылдадым, бірақ уәде бере алмаймын. Бұл шешімді республикалық ономастикалық комиссия қарастырады. Комиссияның құрамында республикалық деңгейдегі қоғам қайраткерлері мен қоғам белсенділері бар. Тарихшылар мен ғылымдар әрбір ұсынысты өткізе бермейді. Бірақ ұсыныс жасауғамүмкіндігіміз бар, – деп атап өтті облыс әкімі.
Еске сала кетейік, 2018 жылы Суворов көшесін Малайсары батыр деп өзгерту туралы шешім қабылданса, 2022 жылы Мир көшесіне Олжабай батырдың есімі берілді.
Айта кетейік, кездесу барысында аудан тұрғындары ауызсудың сапасы туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ алдағы жоспарлар жайлы айтылды.