Павлодар мұнай-химия зауыты мұнай өңдеу көлемін арттыруды жоспарлауда
Жобаны іске асыру кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігін кеңейтіп, бензин, дизель және авиациялық отын өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстандағы ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі – «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің даму жоспарымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында танысты.

Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры Маждай Ахметов кәсіпорынның 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, зауыт мұнай өңдеу көлемін 5,7 миллион тоннадан 5,8 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар, автомобиль бензинін өндіруді 1,7 миллион тоннаға, дизель отынын 2,1 миллион тоннаға, ал авиациялық отынды 240 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.

Зауыттың бас директоры жол битумын өндіруге де ерекше тоқталды.
– 2026 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында жоспарланған 205,5 мың тоннаның орнына зауыт 234 мың тоннадан астам жол битумын өндіріп, өндірістік жоспарды мерзімінен бұрын орындады, – деді Маждай Ахметов.
Сондай-ақ ол кәсіпорында өндірістің сенімділігін арттыруға, ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға және адами фактордың әсерін азайтуға бағытталған цифрлық шешімдер енгізіліп жатқанын айтты.
– Дірілді бақылау жүйесіне тағы 89 динамикалық жабдықты қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мұндай жүйелер 560 техника бірлігіне орнатылған. Бұл жабдықтың техникалық жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылап, ықтимал ақауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Маждай Ахметов.
Жұмыс сапарының қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар мұнай-химия зауытының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау, экологиялық жауапкершілікті күшейту, өндірісті жаңғырту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізудің маңыздылығын атап өтті.