Павлодар облысы білім саласына соңғы үш жылда 672 миллиард теңге бағыттады

Павлодар облысы білім саласына соңғы үш жылда 672 миллиард теңге бағыттады
Фото: Валерий Бугаев

Шаһарда өткен облыстық тамыз педагогикалық конференциясында өңірдің білім беру саласындағы негізгі нәтижелері мен алдағы міндеттері айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, соңғы үш жылда білім саласына облыстық бюджеттен 672 миллиард теңге бағытталған. Бұл өңір бюджеті шығыстарының 34 пайызын құрайды.

Биыл білім беру инфрақұрылымын дамытуға, мектептерді жаңғыртуға, қайта құруға және материалдық-техникалық базасын нығайтуға 20 миллиард теңге бөлінді. Оның жеті миллиард теңгесі – өңірдегі ірі кәсіпорындардың демеушілік қаражаты.

Жаңа оқу жылында Павлодар облысында 844 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Өңірдегі барлық мектеп, оның ішінде шалғай ауылдардағы білім беру ұйымдары да жоғары жылдамдықты интернетпен және заманауи қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтылған. Мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымында да оң өзгерістер бар. Биыл 90 орындық үш жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылды, – деді өңір басшысы. 

Бұдан бөлек, Екібастұз қаласында инвесторлардың демеушілік қаражаты есебінен 140 орындық инклюзивті балабақша пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде биыл және келесі жылы мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішін 100 пайыз деңгейінде сақтау жоспарланып отыр.

Биыл қалалардағы барлық мектептер мен балабақшалардың аумақтары толық асфальтталды. Ал білім беру инфрақұрылымындағы маңызды мәселелердің бірі – апатты мектептер мәселесі толық шешілген.

Жүйелі жұмыстың арқасында өңірімізде апатты мектептер мәселесін толығымен шештік. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде сегіз жаңа мектеп салынды. Осы айда тағы 220 орындық екі жаңа мектеп оқушыларға есігін ашады, – деді Асайын Байханов.

Білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да айрықша көңіл бөлінуде. Биыл 26 нысанда 6,7 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.

Ал келесі жылы Кенжекөл ауылында 200 орындық, Аққулы ауданының Төсағаш ауылында 70 орындық мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар, Ақсу қаласының Үштерек ауылында, Баянауыл және Атамекен ауылдарында жалпы 620 орындық үш балабақша бой көтереді. Бұдан бөлек, 15 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізіледі деп жоспарлануда.

Өңірдегі білім саласына бағытталған ауқымды инвестициялар білім сапасының көрсеткіштерінен де көрініс тауып отыр.

2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылардың білім сапасы 75 пайызға жетіп, Павлодар облысы оқу үлгерімі деңгейі бойынша республика өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Олимпиадалық және зияткерлік қозғалыста да жоғары нәтижелер бар. Биыл Павлодар облысының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда 311 медаль иеленді, – деді аймақ басшысы. 

Сондай-ақ, жаратылыстану-математикалық бағыттағы облыс құрамасы «Үздік олимпиадалық команда» атанса, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы команда Гран-при жүлдесін жеңіп алды.

Биыл алғаш рет Павлодар облысының құрамасы 7-8 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиада қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда – 2026» сертификатына ие болды. Сонымен қатар, облыстың жеті мектебі Қазақстанның үздік олимпиадалық мектептерінің қатарына енді.

Бұл нәтижелердің негізінде педагогтердің кәсіби шеберлігі тұр. Биылдың өзінде 2283 мұғалім біліктілікті арттыру және кәсіби қайта даярлау бағдарламаларынан өтті.

Өңір түлектерінің нәтижелері де көңіл қуантады. Павлодар облысы түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу белсенділігі бойынша елдегі үздік бестіктің қатарына кірді. Әсіресе, ауыл мектептері түлектерінің жетістіктері ерекше атап өтуге тұрарлық. Ертіс ауданындағы Сілеті мектебінің, Баянауыл ауданындағы Шөптікөл мектебінің, Аққулы ауданындағы Уахатов атындағы мектептің, Екібастұз қаласындағы Құдайкөл мектебінің және Ақсу қаласындағы Ақжол ауылы мектебінің барлық түлектері Қазақстанның жоғары оқу орындарына білім гранттарын иеленді.

Облыс әкімі педагогтердің еңбегіне ерекше тоқталып, ұстаздарға алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, биылғы тамыз педагогикалық конференциясы тарихи маңызға ие болды – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі алғаш рет Павлодар облысының тамыз кеңесіне арнайы қатысып, өңір педагогтерімен бірге білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылады. Жұлдыз Сүлейменова 2025-2026 оқу жылындағы білім сапасына жүргізілген талдау Павлодар облысының бірқатар негізгі оқу пәндері бойынша жоғары нәтижелер көрсететін өңірлердің қатарында екенін көрсеткенін атап өтті.