Баянауылда күйлердің тарихын білу үшін мектептерде QR-кодтар қойылған

Баянауылда күйлердің тарихын білу үшін мектептерде QR-кодтар қойылған
Фото: Баянауыл ауданының білім беру бөлімі

Оқушылар мен ата-аналар QR-код арқылы кез келген күйдің авторын, тарихын біле алады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» идеясын жүзеге асыру бағытында мектептептерде үзіліс кезінде оқушылар үшін ұлттық ойындар – тоғызқұмалақ, асық ойыны, бес асық, шахмат ойындары ұйымдастырылады.

Барлық білім беру ұйымдарында үзіліс-қоңырау сыңғырының орына ұлттық, тарихи маңыздылығы бар – күйлер ойнатылады. Бұл жоба «Күй күмбірі» деп аталады. Ол күйлердің тарихы мен маңыздылығын білу үшін қолжетімді жерлерде QR-кодтар қойылған, оқушы мен ата-ана QR-код арқылы кез келген күйдің авторын, тарихын біле алады, – дейді білім беру бөлімі әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлнази Нұртаева.

Ауданда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бағдарламасымен 4200-ге жуық білім алушысы қамтылып отыр. Бағадрламаны жүзеге асыру үшін ауданның 300-ге жуық педагогі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының практикалық оқыту семинарларына қатысты. 

Оқу-тәрбие үрдісімен біріктірілген бағдарламаны іске асыру аясында бірнеше мектепте семинарлар өткізілді, құзыреттіліктер мен құндылықтарды іске асыру жолындағы үздік әдіс-тәсілдермен бөлісу, шеберлік сағаттары, танымдық көрмелер, треннигтері ұсынылды. 

– Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы құрамында 3350 ата-ана тіркелген. Орталықтың негізінде «Даналық мектебі» жүйелі жұмыс істейді. Қыз бала мен ұл баланың тәрбиесіне негізделіп құралған  «Мирас», «Аққу», әкелер, аналар, әжелер, жеңгелер, ағалар клубтарының жұмысы барлық білім беру ұйымдарында жүргізіліп, маңызды рөл атқарады, – дейді Гүлнази Нұртаева.

Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысы негізінде ауданның бірнеше мектебі «Сеніммен болашақ» ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалымен бірлескен жұмыстар атқарды. 

Бірлестіктің басшысы Хызыр Жанарыс ата-аналармен еркін форматта заманауи ата-ананың, әсіресе ата, әке, ағаның рөлінің бала тәрбиесіндегі зор маңыздылығын сөз етті. Ер баланы намысшыл, отаншыл, еңбекқор, жауапкершілігі мол азамат ретінде тәрбиелеудің әке рөлінің маңыздылығын түсіндіру мақсатында жұмыс жасайтын «Мирас» клубы мен «Әкелер» клубтарының жұмысы мектеп өмірімен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. 

«Шабыт» жобасы негізінде ұлттық дәстүрлі өнерді насихаттау мақсатында аудан оқушылары арасында «Айтыс өнері» және Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндерінің республикалық фестивалі әртүрлі іс-шараларда белсенді өткізіледі. 

Оқушылардың бойында энергия мен суды үнемдеу, табиғатқа деген жаңашырлық позицияны ояту негізінде – «Үнемді тұтыну» дағдысын қалыптастыру мақсатында оқушыларға бастауыш сыныптан үйрету жұмыстары жүргізіледі. 

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы екінші Ұлттық құрылтай отырысында «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет» деген болатын.