Павлодар облысы дезинсекциялық маусымға қалай дайындалып жатыр?
Биыл препараттар көлемі артты, заманауи дрондар іске қосылады, ал жұмыс сапасы төмен болса, мердігерге ақы төленбейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімдігінде 2026 жылғы дезинсекциялық жұмыстарға дайындық барысы қаралды. Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев алдағы маусымның негізгі параметрлері мен жаңашылдықтары туралы баяндады. 2026 жылдың басты ерекшелігі – жұмыстар көлемінің айтарлықтай ұлғаюы және биологиялық әдістің күшейтілуі.
– Әуеден өңделетін алқаптың көлемі 172 мың гектарға дейін жеткізіледі. Өзен арқылы өңдеу көлемі 52%-ға, ал биологиялық препараттар мөлшері 51%-ға артты. Баруға қиындық туғызатын учаскелерді өңдеу үшін қосымша дрондар қолданылатын болады. Бүгінгі таңда басқарма мемлекеттік сатып алуларды аяқтап, мердігер ұйымды анықтады. Қызмет көрсету бойынша үшжылдық келісімшартқа қол қойылды, бұл жұмыстың жүйелілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаржыландыру көлемі жылына 4,5 миллиард теңгені құрайды, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
2026 жылы дезинсекциялық шаралар 67 елді мекенді, Павлодар қаласын және облыстың алты ауданын қамтитын болады. Сонымен қатар, 3200 шақырымнан астам Ертіс өзені мен арналарын өңдеу жоспарланып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 52%-ға артық. Мердігер ұйым тапсырмаларды орындау үшін 200 бірліктен астам арнайы техника мен құрал-жабдықты, сондай-ақ 200-ге жуық маманды жұмылдырады.
Дезинсекция жұмыстары үш кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезеңде шыбын-шіркей дернәсілдеріне қарсы әуеден өңдеу басталады.
– Жұмыстар аудандарға бөлінген 10 бірлік АН-2 ұшағымен жүзеге асырылады. Барлығы 448 рет ұшу жоспарланып, 93 мың килограмм биологиялық препарат қолдану көзделіп отыр. Әуеден өңдеу мүмкін болмайтын жерлер жаяу өңделеді, сондай-ақ таяз суларды өңдеу үшін екі ұшқышсыз ұшатын дрон қолданылады, – делінген хабарламада.
Екінші кезеңде шыбын-шіркей дернәсілдері өзен арқылы өңделеді.
– 2026 жылы 3200 шақырымнан астам Ертіс өзені мен арналары қамтылады, оның ішінде негізгі арна – 1800 километр (10 құю нүктесі арқылы үш рет өңделеді), ал 1400 километр – аудан орталықтары мен Павлодар, Ақсу қалаларының маңындағы жергілікті учаскелер. Май және Железин аудандарындағы арналарға ерекше назар аударылады. Өзен арқылы өңдеуге арналған биологиялық препараттың көлемі 137,1 мың кг дейін ұлғайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 51%-ға көп, – деді өңір басшысының баспасөз орталығында.
Үшінші кезеңде қанаттанған шыбын-шіркейге қарсы тосқауылдық өңдеу жүргізіледі.
– Бұл шаралар 67 елді мекенді, соның ішінде теміржол көпірінен Усолка бөгетіне дейін Павлодардың орталық жағалауын және шаңғы базасын қамтиды. Жұмыстарға шамамен 200 маман, 150 бүріккіш аппарат, сегіз өндірістік түтін генераторы, 16 ыстық тұман генераторы және төрт аэрозольді реттелетін дисперсия генераторы пайдаланылады, – деп түсіндірді әкімдікте.
Қолданылатын барлық препараттар көпкомпонентті және шыбын-шіркейлердің үйреніп кетуіне жол бермейді. Препараттар Павлодардағы арнайы қоймаға наурыз айының үшінші онкүндігінде жеткізіледі. Оңтайлы ауа райы орнағаннан кейін ғылыми қызметкерлер бекітіліп, мониторинг жүргізу нүктелері айқындалады. Өңдеу жұмыстарын бастау үшін тиімді мерзімді анықтау мақсатында қоршаған орта мен су нысандарының температуралық режимі тұрақты бақылауда болады.
Ертіс өзені бойынша гидрологиялық болжамды «Қазгидромет» РМК наурыз айының бірінші жартысында ұсынады. Су қоймаларының жұмыс режимі мен табиғатты қорғау мақсатында су жіберу мерзімдері 2026 жылдың сәуір айының бірінші жартысында өтетін ведомствоаралық комиссияның отырысында анықталады. Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Павлодар қаласының әкіміне үшжылдық келісімшартты жақын арада рәсімдеу, көпқабатты үйлердің жертөлелерін және су қоймаларын өңдеу кестесін жасау, сонымен қатар жұмыстардың сапасына жеке жауапкершілік белгілеу тапсырылды. 2025 жылы жоспар бойынша 12 тұрғын үйдің жертөлесі өңделуі тиіс болса, іс жүзінде 57 үй қамтылды – биыл да жұмыстар нақты қажеттілікке сәйкес жүргізілуі тиіс.
Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына қалалар мен аудан әкімдіктерімен бірлесіп бақылау және үйлестіру жұмыстарын күшейту, әуеден және тосқауылдық өңдеу жұмыстарына қатаң қадағалау жүргізу жүктелді. Қалалар мен аудан әкімдіктеріне үйлестірушімен жұмыс істейтін жауапты мамандарды бекіту, жергілікті жерлерде өңдеу жұмыстарын бақылау және су басатын жертөлелерге тексеріс жүргізу тапсырылды.
Қорытындылай келе, Асайын Байханов дезинсекциялық шаралардың уақтылы және жүйелі түрде басталуы тиіс екенін қадап айтты. Өңір басшысы өткен жылдардағыдай, жұмыс тиімділігінің басты көрсеткіші – шыбын-шіркей санының азаюы және тұрғындар үшін нақты нәтиже екенін атап өтті. Егер жұмыстың тиімділігі 80%-ды қамтамасыз етпесе, мердігерге қаражат төленбейтін болады.