Павлодар облысы көмір бағасы арзан өңірлердің қатарында
Елімізде 2024 жылғы желтоқсанда бір тонна тас көмірдің орташа бөлшек сауда бағасы 18,3 мың теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, еліміздің ірі қалалары мен мегаполистері арасында Ақтөбе мен Қонаевта (тоннасы 23 мың және 22 мың теңге) баға айтарлықтай өскен. Ал Петропавл мен Павлодарда (15,6 мың және 15,8 мың теңге) керісінше арзанырақ.
Қазақстанда лигнит пен көмір концентратын қоса алғанда, тас көмірін өндіру екінші жыл қатарынан азайып келеді. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өндіру көлемі 112,6 млн тоннаны құрады. Бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2% -ға аз. Бір жыл бұрын 1,4%-ға қысқару байқалды.
Өңірлік бөліністе өндірістің 92%-ға жуығы тек екі облысқа – Павлодар (67 млн тонна) және Қарағанды (36,5 млн тонна) облыстарына тиесілі болды. Сондай-ақ, тас көмір өндіру көлемі 7,6 млн тоннаны құраған Абай облысын атап өтуге болады.
Еске сала кетейік, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы көмір жеткізушілердің тізімін жариялаған болатын. Сатылымда көмірдің үш түрі бар – Майкөбе, Қаражыра және Шұбаркөл. Көмірдің бір тоннасы үшін баға 13 мыңнан басталады. Қатты отынды келесі көмір жеткізушілерден сатып алуға болады: Восточный өндірістік аймақ көшесі, 2 мекенжайындағы «ELIT KZ» ЖШС-де Майкөбе көмірінің бір тоннасы – 13 500 теңге, ал Шұбаркөл 22 500 теңге тұрады.