АЭС мамандары Павлодар облысының барлық ауданын аралады
Олар облыс тұрғындарына жобаны бірнеше жағынан зерттеуге көмектесуге тырысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
6 қазан күні Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум өтеді. Тұрғындарға шешім қабылдау үшін әр өңірде ашылған халықтық штабтар жұмыс істеуде.
Павлодар облысындағы халық штабы 4 қыркүйекте құрылған. Құрамына саяси партиялар филиалдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас депутаттар бірлестігі, кәсіподақтар мен белсенділер кірген. Құрылғаннан бері штаб мамадары АЭС туралы тұрғындардың пікірлерін тыңдау мақсатында облыстың барлық қалалары мен аудандарын аралады.
– Біздің алдымызда бір-ақ мақсат тұр, ол – атом электр станциясының құрылысына қатысты пікірлерді тыңдау. Ғалымдар мен энергетика саласында қызмет ететін адамдар да өз пікірлерін жеткізу үшін бізбен бірге сапарға шықты, – деді «АМАNАТ» партиясы атқарушы хатшысының орынбасары Айнұр Мұхамедьярова.
Облыстық мәслихат хатшысы Илья Теренченконың айтуынша, АЭС салу туралы шешімді бірінші кезекте жастар қабылдауы керек.
– Референдумға қатысу азаматтық ұстаным болып саналады. Мұндай ауқымды жобаның басты жауапкершілігі жас ұрпақтың алдында тұр. Мемлекет басшысыс ұсынып отырған істердің барлығын шешудің нәтижесі жастарға байланысты. Өйткені болашақты елді дамыта алатын – олар, – деді Илья Теренченко.
Торайғыров атындағы университеттің әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Борис Паламарчуктың айтуынша, қазіргі референдумның форматы ел үшін әдеттен тыс.
– Қаңтар оқиғасынан кейін елімізде билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісі құрылуда. Қоғаммен байланыс орнату, халықпен ынтымақтасу, мемлекеттік саясатты құру қажет. Сондықтан референдум демократияның негізгі қағидаларының бірі болып табылады. Желіде АЭС-ке қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр, халық арасында қарсылары да бар, сондықтан шешім азаматтардың қарауына берілді. Қаржылық шығындар да бар, бірақ бұл елдің экономикасына ешқандай теріс әсер етпейді, – деп есептейді саясаттанушы.
Референдум қарсаңында «АМАNАТ» партиясының облыстық филиалында жергілікті қоғам белсенділері, депутаттар мен партия мүшелері Қазақстандағы атом электр стансасының құрылысы туралы пікірталас өткізілді. Келгендердің барлығы өз пікірлерін ортаға салды.