Павлодар облысына халық қаһарманы Бақытжан Ертаев келді
Кездесу барысында жастарды патриоттық тәрбиелеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» РҚБ төрағасы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен өткен кездесуде осы жылдың қыркүйек айында облыстың оқу орындарында IV конференцияны өткізу мәселесі де көтерілді.
Бақытжан Ертаев жастардың туған жеріне, отандастарына және қоршаған ортаға деген құрметі патриотизмнің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
– Отанды әкелеріміз сүйгендей жүрекпен сүю керек. Мен аты аңызға айналған жерлесім - соғыс батыры Бауыржан Момышұлының арқасында әскери адам болдым. Біз Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және басқа да қолбасшылар мен батырларды мақтан тұттық. Осы батырларды үлгі етіп жастарды тәрбиелеу қажет, – деді Бақытжан Ертаев.
Халық қаһарманы басқаратын қоғамдық бірлестік бүгінде жастарды патриотизмге, дінаралық және ұлтаралық толеранттылыққа, әлеуметтік теңдікке тәрбиелеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде.