«Хит» болған имам павлодарлық жастарға уағыз айтты

«Хит» болған  имам павлодарлық жастарға уағыз айтты
stan.kz

Ол Қазақстанның барлық өңірінде осындай кездесуді ұйымдастырмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қазақстан халқына «Tiktok» желісі арқылы танылып, жастарға ерекше бағытта ақыл-кеңес, уағыз-насихат айтып жүрген Нұрлан Байжігітұлы Павлодарға келіп , жергілікті жастармен кездесті. Имам елімізді аралап, жастармен кездесуді жөн көрген. 

– Соңғы жылдары біз жастардың діндік бағыты мен деңгейіне жауап бере алмағандай болдық. Бүгінде осы мәселенің орнын толтыру бағытында еліміздің барлық жастарымен кездесу ұйымдастырып жатырмыз, –  деді Нұрлан Байжігітұлы. 

Нұрлан имам жастар уағызды түсініп, дұрыс жолға бұрылуы үшін психологияны зертегенін атап өтті. 

– Біз мешіттердегі уағызды көшедегі адамға айтқандай болдық. Бәлкім халық түсінбейтін терминдерді қолданып жүрдік. Оның үстіне уағыздар тек бұйрық ретінде айтылды. Мен осы бағытта психологияны зерттедім, нәтижесін өзіңіз көріп отырсыздар, – деді  Нұрлан имам.

Ол  дін мен дәстүрді бірге алып жүру қажет екенін түсіндірді. 

– Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді ұштастырып, бірге алып жүрген. Мәселен, тек дінді ұстансақ немесе тек дәстүрді алып жүрсек қайығымыз бір орында айналып тұрғандай болады. Бұл екеуін біріктірсек ғана алға қарай жүретін боламыз, – дейді Нұрлан имам. 

Өңіріміздің жастары Нұрлан имамға өздерінің  көкейкесті  сұрақтарына жауап ала білді. 

Айта кету керек, Нұрлан имам Қазақстанның солтүстік өңірлерінен басқа барлық облыстарды аралап шыққан.