Павлодар облысында ІҚМ арасында аусыл таралуына қатысты тексеріс аяқталды

Павлодар облысында ІҚМ арасында аусыл таралуына қатысты тексеріс аяқталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ветеринарлар жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірде ірі қара мал арасында ауру белгілерінің тіркелуіне байланысты алғашқы хабарламалар қаңтар айының соңында Тереңкөл, Успен және Павлодар аудандарынан түскен.

Мал иелерін жануарлардың жағдайы алаңдатқан. Атап айтқанда, сілекей ағу, жем-шөптен бас тарту, ауыз қуысының шырышты қабатында, тілінде және мұрын айнасында зақымданулар, сондай-ақ ақсау белгілері байқалған. Осы симптомдар фермерлер арасында аусыл ауруына деген күдік туғызған.

Алайда ветеринар мамандардың алғашқы тексеруі барысында аусылға тән бірқатар белгілер анықталған жоқ. 

– Ауыз қуысының шырышты қабатында зақымданулар болғанымен, аусылға тән көпіршік жаралар байқалмаған. Сонымен қатар, жануарларда дене қызуының көтерілуі, желін мен тұяқ аралығының зақымдануы тіркелмеген, – деп атап өтті облыстық ветеринария басқармасының эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің басшысы Самат Мажиров. – Ұлттық референттік орталыққа жіберілген барлық биологиялық сынамалар бойынша зертханалық нәтижелер теріс болып шықты. Осыған байланысты қазіргі таңда ауруды аусыл деп санауға негіз жоқ.

Қазіргі уақытта ауырған малдың жағдайы тұрақтанып келеді. Мамандардың айтуынша, жануарлар 5–7 күн ішінде оңалып, сауығу байқалуда. Малға антибиотиктермен ем жүргізіліп, ауыз қуысы АСД фракциясымен өңделуде, сондай-ақ иммунды ынталандыратын препараттар мен витаминдер берілуде.

Мамандар аурудың пайда болуын қыстан кейін малдың әлсіреуімен байланыстырып отыр. Бұл фактор жануарлардың түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін төмендетуі мүмкін. Өңірде мал өлімі тіркелмеген.

Зертханалық талдаулардың оң нәтиже бермеуіне байланысты карантиндік шектеулер енгізілген жоқ. Ветеринариялық қағидаларға сәйкес, карантин тек қауіпті ауру расталған жағдайда ғана енгізіледі.

Сонымен қатар 2026 жылға арналған бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, ақпан айынан бастап профилактикалық вакцинация басталады. Вакцинация сегіз аса қауіпті ауруға қарсы жүргізіледі. Атап айтқанда: құтыру, аусыл, сібір жарасы, түйе обасы, эмкар, ринопневмония, нодулярлы дерматит және жоғары патогенді құс тұмауы. 

Мамандар жағдай толық бақылауда екенін айтып, мал иелерін ветеринариялық талаптарды сақтауға және күмәнді белгілер байқалған жағдайда дереу мамандарға хабарласуға шақырады.